428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстан президенті мемлекеттік емес өрт сөндіру қоғамын сынға алды

  • 1152
  • UPD: 22:59, 11.01.2019

Өзбекстанда да жылу маусымы басталғалы ыстан улану оқиғалары жиілеп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай көрші ел басшысы мемлекеттік емес өрт сөндіру қоғамын сынға алып, тиісті мекемелерге оның жұмысын тексеруді тапсырды.

Бұл туралы Шавкат Мирзиёев «Елдегі бейбітшілік пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу» мәселелері бойынша өткізген селекторлық кеңесте мәлімдеді. Өзбекстан президенті бұдан былай салғырттық салдарынан көз жұмған әрбір азамат үшін тиісті мекеме өкілдері тікелей жауап беретінін атап өтті.

Селекторлық кеңесте жылыту маусымы басталғалы бері ыстан улану жағдайының жиілеп кеткені айтылды. Өзбекстан президенті бұған бірінші кезекте бақылаудың жоқтығы себеп болып отырғанын атап өтті. Ендігі жерде сұраныс тікелей жауапты мекемеден болатынын шегеледі.

Бұған дейін тіркелген оқиғаларға тағайындалған сараптама нәтижесіне сүйенсек, көп жағдайда жеке секторлардың техникалық ахуалы мен қолдан жасалған жылыту қондырғылары және пештің түтін жүретін мұржасының бітіп қалуы себеп болып жатады екен. Оған қоса, газ қондырғыларын техникалық талапқа сай қолданбау соңы қайғылы жағдайларға соқтырған. Сондай оқиғаның бірі өткен жылдың соңында Жызақта болды. Газ плитасының ақауынан ерлі-зайыпты иіс тиіп өлген. Ал Самарқандта үш бірдей адам уланып көз жұмған. Тіпті бүлдіршіндер де мерт болған жағдайлар бар. Оның көбі жеке секторларда тіркелді.

Сондықтан Өзбекстан президенті құзырлы орган өкілдеріне аталмыш саланы мұқият тексеріп, оны жетілдіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырыды. Көмір, газ және түрлі отындармен жанатын құрылғылардың техникалық талаптарын күшейтуді жүктеді. Ал құтқарушылар мейлінше бақылауды күшейтіп, жұртты мұқият болуға шақырды.

Хабар 24 телеарнасы