378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайдағы қазақтар Наурыз мерекесін атап өтті

  • 232
  • UPD: 18:31, 22.03.2019

Қытайдағы қазақтар да әз-Наурызды атап өтті. Ұлыс мерекесіне орай Бейжіңдегі орталық саябақтың бірінде Іле-Қазақ автономды облысынан келген өнерпаздар концерт қойды. Қытай астанасының орталық саябағына жиналған жергілікті тұрғындар қазақтың ұлттық ән-күйін тамашалап қайтты.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Бүгін Бейжіңде күн шәйдай ашық. Наурыз мерекесінің нағыз көңіл-күйі сезіледі. Биыл ұлық мейрамды Қытай астанасында атап өту үшін Іле-қазақ автономды облысы, Текес ауданының өнерпаздары арнайы келіпті. Орталық саябақтың саxанасында қандастарымыз қалың көрерменге мерекелік концерт қойды.

Әкпар Мәжит, Қытай мемлекеттік кино қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы:

- Осы тұрғын-халық қазақ ансамблін көріп өте қуанып отыр. Бұлар үшін бір жаңалық. Меніңше мәдениеттің осындай ауыс түйісі осындай көркем-өнермен басталады. Көркем-өнер бір ұлттың образын көрсетеді, екіншіден екінші ұлтқа бір таным, бірін-бірі түсіністіретін, жүректі тоғыстыратын бір дәнекер.

Алыстан келген Текес ауданының өнерпаздары ән мен биден шашу шашты. Әрине Қытайдағы мұндай мерекелік шаралардың «Қара жорғасыз» сәні болмайды. Сондықтан Бейжің төрінде буындарын былқылатып билеген өнерпаздар көрерменнің қошеметіне бөленді.

Юань Чуньчан, әнші:

- Қытайдың «Чунфэнь», күн мен түн теңесетін меркесі мен Наурыз мейрамының мағанасы ұқсас екен. Соған орай бүгін міне бірнеше ұлттың өнерін тамашалап, әдемі шараның куәсі болып тұрмыз. Ұлттар татулығы жасай берсін.

Қытай билігі 1960 жылдары «мәдени төңкеріс» кезінде Наурызды атап өтуге тыйым салады. Сөйтіп, бұл мерекені тойлау 20 жылдай тоқтап қалады. Ал биыл қытай қазақтары әз-Наурызды 37-мәрте қарсы алды. Бүгінде Қытайдағы қандастарымыз Наурызды жергілікті «Чунфэнь» (күн мен түннің теңесуі) мерекесімен бірге атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы