379.19 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропарламент интернетте авторлық құқыққа бақылауды күшейтеді

  • 143
  • UPD: 15:17, 29.03.2019

Ол үшін арнайы нұсқау құжаты қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оны қолдап 348 депутат дауыс берсе, 274-і қарсы шығып, 36-сы қалыс қалған.  Алайда бұл заңнама әлі талай дау тудыратын түрі бар.

Қабылданған нұсқауға сәйкес, пайдаланушылар өз парақшасында қандай да бір контентті орналастырғысы келсе, авторлық құқық иелерімен келісім жасауға тиіс. Мұның арқасында баспагерлер мен ақпарат құралдары қосымша табысқа ие болады. Алайда бұған қарсы шыққан ірі интернет-платформалар мен құқық қорғаушы ұйымдар «заңнаманың кейбір баптары сөз бостандығы құқығына қайшы келіп тұр», – дейді.

Яна Тоом, Еуродепутат:

- Бұл Еуропада пайдаланушылар жүктейтін контенттің цензурадан өту қаупін тудырып отыр. Адам құқықтары жарияланғалы бері көп уақыт өтпеді, небары 70 жыл ғана. Сандық жүйеге өту дәуірінде оларды қайта қарастырған дұрыс болар еді. Интернеттің жұмысын реттейтін құжаттар көп, бірақ кейбіреулері бір-біріне қайшы келіп тұр.

Мысалы, жақында қабылданған «аудиобейне медиақызметтері» жөніндегі құжатқа сәйкес интернетте орналастырылатын бейнедеректерді алдын ала тексеруге тыйым салған. Ал жаңа заң, керісінше, оның бақылауын енгізіп отыр. «Гиперлинктер» үшін төлемнің заңда берілген түсініктемесі де дау туғызған.

Яна Тоом, еуродепутат:

- Мысалға, сіз «Ле Монд» газетінің мақаласын орналастырғыңыз келді дейік. Егер «Ле Мондтың» Facebook-пен лицензиялық келісімі болса, оны жариялай аласыз. Ал эстониялық «Эхтулехт» газетінің деректерін жариялай алмайсыз, себебі оның лицензиялық келісімі жоқ.

Мұндай қарама-қайшылықтарға қарамастан, Еуропарламент көпшілік дауыспен заңнаманы мақұлдады.

Никола Данти, Еуродепутат:

- Жаңа ережелер еуропалық мәдениеттің негізін құрайтын, яғни экономикамыздың арқауы саналатын, шығарма авторларына адал ақы төленуін қарастырып отыр. 

Джоанна Герингер Де Оденберг, Еуродепутат:

- Бұл – үлкен қателік. Бүкіл Еуропа азаматтарының басым бөлігі бұған қарсы. Еуропалық цифрлы компанияларына келтіретін зардабын азайтудың жалғыз мүмкіндігіміз бар. Бұл – заңнаманың 13-бабын алып тастау.

Енді осы заңнаманы Еуроодақ кеңесі ратификациялау керек. Ал одан кейін әрбір ел екі жыл ішінде өз заңдарына өзгерістер енгізуі тиіс.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы