376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ Ресейге санкция салатындығын мәлімдеді

  • 173
  • UPD: 21:28, 29.03.2019

Венесуэла билігі оппозиция көшбасшысы Хуан Гуайдоны мемлекеттік қызметтен 15 жылға шеттетті.

Ресми Каракас Гуайдо қаржы декларациясын бұзды деп отыр. Ал өзін елдің президенті деп жариялап, билікпен талас-тартысқа түскен оппозиция жетекшісі бұл шешімді заңға қайшы дейді. Ел қамынан көрі, бас араздықты көп күйттеген шенділердің талас-тартысы осындай.

Мемлекеттік бақылаушы Элвис Амороссоның айтуынша, ақпан айында Гуайдоға қатысты тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде, ол өзінің жеке қаржылық жағдайы туралы жалған ақпарат беріп, рұқсат етілмеген жолмен халықаралық және ұлттық құрылымдардан қаражат алған.

Элвис Аморосо, мемлекеттік бақылаушы:

– Біз Хуан Херардо Антонио Гуайдо Маркестің заң бойынша 15 жылға мемлекеттік қызметке араласуына тыйым саламыз!

Бұл тосын жаңалық әлем елдерін де бей-жай қалдырған жоқ. Николас Мадуроның әкімшілігін қатаң сынап жатқандар көп. Оппозиция жақтастарының айтуынша, Хуан Гуайдоны биліктен шеттету – заңсыз әрекет. Вашингтон Николас Мадуроның мұндай қадамға баруы «өте күлкілі» жағдай дейді. Бразилия тарапы да АҚШ мәлімдемесін қолдайды. Еуроодақ Венесуэла осы шешімі арқылы елде демократия жоқ екендігін тағы да бір дәлелдеді дейді.

Федерика Могерини, ЕО сыртқы саясат бөлімінің басшысы:

– Халықаралық ұйым Венесуэла мемлекеттік бақылаушысының Хуан Гуайдоны 15 жыл бойы мемлекеттік қызметке жолатпау шешімін қатаң сынға алады. Мұндай біржақты саяси шешім шығару елдегі заң жүйесінің жұмысын көрсетті. Мемлекетте демократия жоқ. Заң салтанат құруы керек. Мұнымен елдегі саяси және әлеуметтік дағдарыс тоқтамайды.

Оппозиция басшысы Хуан Гуайдо өзіне тағылған айыпты мойындамай, бұл мәлімдеменің заңды күші жоқ деп жауап қатты. Оның айтуынша, тек заңды конгресс қана мемлекеттік бақылаушыны тағайындай алады. Бұл жағдайда бақылаушы Мадуро режимінің жақтасы. Одан бөлек, оппозиция көшбасшысы ел президентін Ресеймен ауыз жаласып отыр дейді.

Хуан Гуайдо, оппозиция көшбасшысы:

– Маған тағылған айыптауды да, шектеуді де мойындамаймын. Элвис Аморосо мемлекеттік бақылаушы емес. Ол мен үшін жоқ адам. Ал Николас Мадуро Ресейге алтын беріп, өзіне әскери қолдауды сатып алып отыр. Сол арқылы қалған жақтастарын, бізді ресейліктер қолдап отыр деп рухын көтермек. Өзгелерді өзіне серіктес ету үшін мемелекеттің ақшасын шашып жүр.

Естеріңізде болса, ресейлік 99 әскери сарбаздың Венесуэла аумағына келгенін айтқан едік. Міне отқа май құйған оқиға осы. Хуан Гуайдоның пікірінше, қазынадан жоғалған алтынды Мадуро Ресейге берген. Есесіне әскери қолдау сұрағанға ұқсайды. Мұны естіген АҚШ Ресейге санкция салатындығын мәлімдеді. Ал ресми Мәскеу біз тек екіжақты серіктестік бойынша келісімді орындап отырмыз дейді.

Майк Пенс, АҚШ вице-президенті:

– Венесуэланың ел мойындаған, жалғыз, заңды басшысы Хуан Гуайдо. Ал Мадуроның қатаң режимі кезінде үш миллион адам елден безіп кеткен. Ендігі Ресей әскерилерінің елге кіргізілуі – барып тұрған араңдатушылық. Ресми Мәскеуден тез арада Венесуэладағы әскерін шығаруды талап етеміз. Мадуро режимін қолдаған кез келген мемлекет жауап беретін болады.

Мария Захарова, Ресей СІМ ресми өкілі:

– Ресей мен Венесуэланың өзара екіжақты қарым-қатынасы жөнінде келіссөздері бар. Біз сол келісілген құжатты жүзеге асыру үшін бірге жұмыс істеп жатырмыз. Ресейдің Венесуэланың ішкі жағдайына араласатын ойы жоқ. Ал АҚШ-қа қатысты айтарымыз: Өзге елдің саясатына араласуды қою керек. Серіктестік орнату үшін ешкімнен рұқсат сұрамаймыз.

Бір елді бөліске салған екі биліктің дау-дамайы бітпей, халықтың жағдайы оңала қоймасы анық. Ел экономикасы құлдырап барады. Венесуэлада тағы да жаппай жарық өшіп, үшінші блэкаут тіркелді. Дәрі-дәрмек пен азық-түлік таппай ашынған жұрт енді жарықтан, судан қағылды.

Бетти Гонсалес, Каракас тұрғыны:

– Ақшасы көп, табиғи ресурсы бай елде мұндай дағдарыстың орын алып жатқанынан таң қаламын. Елде адамдар аштықтан өліп жатыр. Жұмыс жоқ. Тамақ жоқ. Мемлекетте түк қалмады. Банкротқа ұшырадық. Қазынаны тонап кетті.

Бүгінгі Венесуэладағы жағдай осы. Николас Мадуро өз дегенінен қайтар емес. Билікті қолдан беру оңай емес, әрине. Ал Хуан Гуайдо халықты ереуілге шығуға шақырды. Оппозиция басшысының жары шетел басшыларынан көмек сұрап, Дональд Трамппен кездесіп қайтты.

Тергеу жүріп жатыр. Әзірге оған терроризмге қатысы бар деген айып тағылған. Одан бөлек, тінту кезінде Маррероның үйінен шетелдік банкноттар табылыпты. Енді тек әліптің артын бағу қалды.

Хабар 24 телеарнасы