384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда әрбір бесінші жас жұмыссыз отыр

  • 516
  • UPD: 09:06, 30.03.2019
Түркияда әрбір бесінші жас жұмыссыз отыр

Түркияда тепсе темір үзер бес жастың біреуі жұмыссыз. Бұл елдің статистикалық институтының мәліметі.

2018 жылы жұмыссыздардың саны 83 мыңға артып, 3 миллион 537 мыңға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,1 процентке көп.

2018 жылы түрік лирасының құнсыздануы елдегі бірқатар кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуына яки қысқаруына алып келді. Осының салдарынан жаппай жұмыстан босату үдерістері кең етек алды. Түркия статистикалық институтының деректеріне сәйкес,  15-24 жас аралығындағы жұмыссыздардың саны 20,3 процентке жетті. Ал 15-64 жас аралығында жұмыссыздардың деңгейі 11,2 процент.

Рыфат Бахадыр, Анкара қаласының тұрғыны:

- 4 жылдық радио және теледидар мамандығын тәмәмдадым. 24 жастамын. 6 айдан бері жұмыссызбын. Бірнеше жерге өтініш білдірдім. Өкінішке қарай,  хабарласқан жан болмады.

Бусе Каража, Анкара қаласының тұрғыны:

- Мамандығым психолог. 10 айдан астам уақыттан бері жұмыс іздеп жүрмін. Бірқатар жұмыс орындары іс-тәжірибе талап етіп отыр. Алайда, жұмысқа кірмей мен ол тәжірибені қайдан  аламын? Осы себепті, уақытты бос өткізбеу үшін магистратураға тапсырдым, бірнеше мамандандырылған курстан өттім.

Элифсу Үнал, Анкара қаласының тұрғыны:

- 1 жыл бұрын университетті бітірдім. Көптеген жерге өтініш білдірдім. Алайда, ешкім хабарласпады. Күнделікті тұрмыс үшін ақша керек. Сондықтан, даяршы болып жұмыс істеп жүрмін.

Айта кеткен жөн, былтыр Түркияда ең жоғары жұмыссыздық деңгейі 25 процентке дейін жетті. Мұндай жағдай әсіресе елдің оңтүстік-шығыс өңірлерінде тіркелген. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы түрік лирасы долларға шаққанда 28 процентке құнсызданып, елдегі инфляция деңгейі 20 процентке көтерілді. Осылайша елдегі инфляция көрсеткіші соңғы 15 жылда ең жоғары көрсеткішке жеткен болатын. 

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы