378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-Куба арақатынасы неліктен қайта суыды?

  • 201
  • UPD: 20:15, 18.04.2019

АҚШ азаматтары енді Кубаға демалуға бара алмайды. Ұлттық қорғаныс жөніндегі АҚШ Президентінің кеңесшісі келтіргендей, бұл ел қаржысын сыртқа шығармау үшін жасалған.

Яғни Кубаның табыс көзі туризмді тұншықтырудың амалы бұл. Алайда ең алдымен АҚШ-қа көшіп барған кубалықтар қиналатын болды. Бұған дейінгі АҚШ Президенті Барак Обама Кубамен дипломатиялық қатынасты жақсартқан еді. Әрине санкциялар күші жойылмады. Алайда АҚШ-тағы кубалықтардың атамекеніне баруы жеңілдеген болатын. Енді міне Майамидегі жиын кезінде Джон Болтон Кубаға аяушылық болмайтынын жеткізді.

Джон Болтон, АҚШ Президентінің ұлттық қорғаныс жөніндегі кеңесшісі:

«Кубаға қарсы санкцияларға қосымша бес шектеу енгізу жайында жариялаймыз. Яғни, Кубаның әскері, қауіпсіздігі мен қызметкерлерімен байланысты қаржылық транзакцияларға тыйым салынады. Осы арқылы біз Кубаның қорғанысы мен тыңшылығымен бірлесіп жұмыс істеуге түбегейлі қарсы екенімізді білдірудеміз».

Шектеулердің тағы бірі ақша аударымына қатысты. АҚШ азаматтары Кубадағы туысқандарына тек мың доллар көлемінде ғана қаражат аудара алады. Оның өзі тек үш айда бір рет қана жасалуы тиіс. Осылайша АҚШ Кубаны жан-жақты қыспаққа алды. Өз кезегінде, Куба Үкіметі аталған санкциялар ел экономикасын мүлде тұқыртып тастайтынын айтып шағымданды.

Бруно Родригез Паррила, Кубаның Сыртқы істер министрі:

«Қосымша шектеулер біздің экономикамызға, АҚШ-пен байланысы бар азаматтарға, қонақүй, шағын бизнес секторына кері әсерін тигізетіні айдан анық. Әсіресе Кубада демалуды ұнататын АҚШ азаматтары да зардап шегетін болды. Енді не боларын, уақыт көрсетеді». 

Айта кетерлік тағы бір жайт. Америка Куба экономикасын күйзелтудің тағы бір амалын тапты.  Ол халықаралық дауға қалған Хелмс-Бёртон заңы. АҚШ сенаторлары Хелмс пен Бертон  ұсынған заң жобасы 1996 қабылданған еді. Аталған заңға сәйкес, санкциялар тікелей Кубаға ғана емес, онымен экономикалық байланысы бар шетелдік компанияларға да таралады. Осы орайда, Заңның үшінші бабын оқи кетсем болар. 

Куба Үкіметі шетелдік инвесторларға акционерлік капиталдың үлесін сатып алуға, басқаруға немесе бірлескен кәсіпорындармен қатынасқа түсуге мүмкіндік береді. Ал, олардың арасындағы кей мүлік пен активтер АҚШ азаматтарынан тартып алынған.

Осылайша Хелмс-Бёртон заңы 1959 жылғы Куба төңкерісінен кейін АҚШ азаматтарына тиесілі мүлік өзгенің қолында кеткенін алға тартады.  Ол мүлікті қазір шетелдік компаниялар қолданып жатқандықтан, АҚШ азаматтары осы заңға негізделіп, оларды сотқа бере алады. Бұл ретте, Канаданың сыртқы істер министрі Христя Фриланд пен Еуроодақтың сыртқы дипломатиялық басшысы Могерини бірлескен мәлімдеме жариялады. Оған Мексиканың сыртқы істер министрлігі де үн қосты.

«АҚШ-тың ұзақ уақыттан бері Хелмс-Бёртон заңының ІІІ бабына қатысты ұстанымын өзгерткені өкінішті. Бұл Еуропалық Одақ пен Канаданың Кубадағы экономикалық операцияларына қатер төндіреді. Кубаға қатысты біржақты шешімді ЕуроОдақ пен Канада тарапы халықаралық заңға қайшы деп таниды».

«Мексика Үкіметі АҚШ-тың тарихта тұңғыш рет Хелмс-Бёртон заңының ІІІ бабын іске асыру жөнінде шешім шығарғанына өкініш білдіреді. Бұл өз кезегінде Кубадағы шетелдік компанияларға кесірін тигізуі мүмкін».

АҚШ-тың Кубаны осыншалықты қыспаққа алуының бір ғана салмақты себебі бар. Куба Венесуэла Президенті Николас Мадуроға қолдау көрсетуде.

Бақыт, Мадуроны Кубадан бөлек өзге елдер де қолдап отыр емес пе? Америка Кубаға неліктен соншалық шүйлікті?    

Куба Венесуэла үкіметіне әскери қолдау көрсетеді. Ал, бұл АҚШ-тың Мадуроны биліктен ығыстыру жоспарына кедергі келтіреді.

Хабар 24 телеарнасы