378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда балалар ойыншықтарына қатысты жаңа тәртіп енгізіледі

  • 97
  • UPD: 11:18, 06.05.2019

Грузия нарығындағы ойыншықтар әлі күнге дейін еуропалық талапқа сай емес.

Олардың құрамында балалардың денсаулығына зиынды заттар бар. Мәселені жергілікті үкіметтік емес ұйымдар 2 жыл бұрын көтерген. Енді ғана сең қозғалып, жыл соңына дейін Экономика және тұрақты даму министрлігі ойыншықтар туралы жаңа техникалық регламентті бекітпекші.

Грузияда ойыншық жасаушылар мен сатушылар үшін жаңа тәртіп күшіне енеді. Енді мұндай заттар баланы дамытумен қатар қауіпсіздігін де сақтауы тиіс. Заңның орындалуын техникалық және құрылыстық бақылау агенттігі қадағалайды. Мамандар ойыншық құжаттарының сәйкестігін бақылап, қажеттілік болса арнайы зертханаларда тексереді. Қауіпті ойыншықтар дүкен сөрелерінен алынады.

Рамаз Оболадзе, Грузияның техникалық және құрылыстық қадағалау жөніндегі агенттігі басшысының орынбасары:

– Балалар тауарына қатысты техникалық регламент биыл бекітіледі. Ойыншықтың механикалық құрылысымен қатар химиялық құрамына да ден қойылатын болады. Қазір сарапшылардың жұмысын реттейтін құжаттар дайындалып жатыр. Бізге Ұлыбритания мен Литва мамандары көмектеседі.

Грузияда еуропалық стандартпен жұмыс істейтіндер де бар. Мысалы, Вера Фартуашвили жұмыс істейтін дүкен ширек ғасырдан бері ойыншықтарды Италиядан тасиды.

Вера Фартуашвили, дүкен менеджері:

– Жаңа тәртіпте қарастырылған талаптар тансық емес. Біз үшін тауардың сапасы маңызды. Сондықтан ойыншықтарымыз барлық еуропалық стандартқа сай, балаға зияны зат жоқ. Ойыншық бала өмірінде маңызды роль ойнайды. Сондықтан бала заттарына талаптың күшейтілетініне қуаныштымын.

Қазір Грузия базарында сапасы күдікті ойыншықтарды көптеп кездестіруге болады. Алайда олар да бала денсаулығының маңызды екенін айтып, жаңа тәртіпті қолдайтындарын жеткізді.

Иямзе Хурцидзе, сатушы:

– Жаңа тәртіп туралы естіген жоқпын. Оның пайдасы көп болады деп ойлаймын. Ойыншықтың сапалы болғаны дұрыс. Менің де балаларым мен немерелерім бар. Сондықтан ойыншықтардың қауіпсіз болатыны қуантады.

Мамандардың айтуынша, жаңа тәртіп кей сауда орындарына қиындық туғызатыны анық. Олардың кейбірі ескі серіктестерімен шартты үзсе, енді біріне бағаны өсіруіне тура келеді.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы