378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сынақ па, әскери жаттығу ма?... Солтүстік Корея зымырандарын тағы ұшырды

  • 153
  • UPD: 20:48, 10.05.2019

Солтүстік Корея тағы да шағын қашықтыққа арналған екі зымыранын сынақтан өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы оңтүстіккореялық әскерилер хабарлады. Ізінше бұл ақпарды Орталық Корей телеарнасы растады. Кезекті сынақтан өткізу рәсіміне Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның өзі жеке қатысқан. Айта кетейік, бұл сынақтар АҚШ пен Солтүстік Кореяның тығырыққа тірелген келіссөздері аясында жүргізіліп отыр.

Осыдан бірнеше күн бұрын, яғни 4 мамыр күні Ким Чен Ын дәл осындай шағын қашықтыққа арналған зымыранын сынақтан өткізген еді. Ол кезде әлем елдері мен халықаралық қауымдастықтың қатаң сынына қалған болатын.

Солтүстік Корея бейсенбі күні жергілікті сағат 16:30 шамасында шағын қашықтыққа арналған тағы екі зымыранын ұшырды. Сынақ жүргізу үшін Синори елді мекені таңдап алынған. Бұл КХДР-дың ең ежелгі зымыран орталығы болып саналады. Көкке көтерілген қарулардың траекториясы 420 және 270 шақырымды құрады. Шараға жеке өзі қатысқан Солтүстік Кореяның көшбасшысы Ким Чен Ын бұл сынақ емес, әскери жаттығу екендігін атап өтті. Және оны сәтті өтті деп жоғары бағалады.

«Жаттығу жұмыстары Корея Халық Демократиялық Республикасының жоспарына сәйкес жүргізілді. Сол себепті АҚШ, Жапония және халықаралық қауымдастықтардың бұл үдеріске айып тағуы негізсіз. Бұл орта немесе алыс қашықтықтағы зымыран сынағы емес. Ал оңтүстіккореялық билік өкілдері бұл жаттығу келісімге сай келмейді деуден бұрын, бізбен бірге бекіткен «Солтүстік-Оңтүстік» әскери келіссөзіне назар салсын».

Сонымен сынақ па әлде әскери жаттығу ма? Кім білісін. Маңыздысы бұл үдеріс Солтүстік Корея бойынша Америкалық арнайы өкілдің Оңтүстік Кореяға сапары аясында жасалды. Стивен Бигэн Корей түбегін ядролық қарусыздандыру бойынша келіссөздер жүргізуге келген. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы уақытта зымыранын ұшыру арқылы Солтүстік Корея АҚШ-қа қысым көрсетіп, қандай-да бір үндеу жасамақ. Оңтүстік Корея Президенті Мун Чже Ин де осы пікірді қостап отыр.

Мун Чже Ин, Оңтүстік Корея президенті:

– Солтүстік Корея осымен екінші мәрте шағын қашықтықтағы зымырандарын ұшырып отыр. Негізінде Ким Чен Ынның одан да мықты орта және үлкен қашықтықтағы баллистикалық зымырандары бар. Демек бұл қандай да бір үндеу болуы мүмкін. Десе де бұл әрекеттер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясына сай келмейді. Біздің тарап бұл әрекетті корейаралық келісімді бұзады деп санамайды. Дегенмен Солтүстік Корея тағы да осындай сынақтар өткізетін болса, бұл келіссөздер үдерісіне кері әсер ететінін ескерте кетейін.

Оңтүстік Корея елдері осылай ескерту жасаса, әлем елдері Солтүстік Кореяның әрекетін қатаң сынға алып отыр. Германия мемлекеті баллистикалық зымыранды ұшыру Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясына қайшы, араңдатушылық әрекет дейді. Әрі КХДР-дан бұлай алыстан меңземей, керісінше нақты қадамға көшуді талап етті. Жапония елі де, сынаққа қарсымыз деген мәлімдемесін жасай отырып, Америка Құрама Штаттарына бір жағынып қалуды жөн көрген секілді.

Такеши Иуэя, Жапония қорғаныс министрі:

– Солтүстік Кореяның мұндай баллистикалық зымырандарды ұшыруы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясына қайшы келеді. Жапония тарапы бұл әрекетті орынсыз деп санайды. Өйткені осындай сынақтар өткізу арқылы Америка Құрама Штаттарына қарсы араңдатушылық жасалуы мүмкін. Жапония үкіметі Америка және Оңтүстік Корея елімен серіктестігін жоғары бағалайды. Айта кетейік, бұл сынақтар АҚШ пен Солтүстік Кореяның тығырыққа тірелген келіссөздері аясында жүзеге асып отыр. Осы жылдың ақпан айында Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның Ханойдағы тарихи кездесуі сәтсіз аяқталған болатын. Трамп Корей түбегін бірден әрі түбегейлі ядролық қарусыздандыруды талап етсе, Ким санкцияны толығымен алып тастау керектігін айтқан. Осылайша екі көшбасшы ортақ келісімге келе алмады. Содан бері келіссөздер бойынша ешқандай алға жылжу жоқ. Ақ Үй басшысы Солтүстік Корея келісімге келуге әлі дайын емес дейді. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Америка Құрама Штаттары бұл мәселені мұқият бақылап отыр. Бұл жолы шағын қашықтықтағы, шағын радиустағы зымырандар ұшырылған. Әрине, Солтүстік Кореяның сынақ өткізгеніне ешкім қуанып отырған жоқ. Дегенмен біз асықпай зерттеп, зерделеп шешім шығарамыз. Солтүстік Кореяның келіссөздер жүргізгісі келетінін білемін. Бірақ менің ойымша, ол тарап бізбен бір үстел басына отыруға әлі дайын емес.

КХДР өткен жылы ядролық сынақ жүргізбеуге, контитентаралық баллистикалық зымыран ұшырмауға уәде еткен еді. Дегенмен сәуір айында тактикалық қаруын сынау арқылы бұл уәдесін бұзып отыр. Ізінше, екі қайтара шағын қашықтықтағы зымыранын ұшырды. Солтүстік Кореяның мемлекеттік агенттігі мұны жай ғана әскери жаттығу дегенімен, әлем елдері халықаралық резолюцияның бұзылғандығын алға тартып отыр.

Хабар 24 телеарнасы