378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда жол ережеcін бұзғандарға қатысты жаза қатайтылады

  • 101
  • UPD: 12:02, 14.05.2019

Қазір елде ең аз айыппұл көлемі 3, ал ең көбі 100 доллар шамасында. Елдің ішкі істер министрлігі заңға қандай өзгеріс енгізбек?

Грузияда көлік жүргізушілері сақтай бермейтін ережелер бар. Алғашқы үштікке - жол үстінде телефонмен сөйлесу, жылдамдықты асыру және қауіпсіздік белдігін тақпау кіреді. Жергілікті билік жүргізушілерді тәртіпке шақыру үшін айыппұл мөлшерін өсіруді көздеп отыр. Ол заң жақын арада күшіне енуі мүмкін. 

Нино Джавахадзе, Грузия Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Біз жол-көлік оқиғаларының саны азайғанын қалаймыз. Сол себепті заңға өзгертулер енгізуді көздеп отырмыз. Ендігі жерде ішімдік ішіп көлікке отыратындарға, жылдамдықты асыратындар мен рұқсат етілмеген жерге бейберекет көлік қойып кететіндерге жаза күшейтіледі. Құжатқа енетін түзетулер дайын. Ол алдымен үкіметте қаралады. Кейін Парламент талқысына түседі.

Статистикаға сүйенсек, былтыр Грузияда жолдағы апаттардан 400-ден аса адам қаза тапқан. Бұл соңғы 10 жылдағы ең төмен көрсеткіш болса да, көңіл көншітпейді. Грузия Автофедерациясының президенті Шалва Обгаидзенің пайымдауынша, айыппұл мөлшерін көбейту керек. Одан басқа жол жоқ.

Шалва Обгаидзе, қалалық Дума депутаты, Грузия автофедерациясының президенті:

- Жазаны күшейту жолдағы жағдайды жақсартуға бағытталған амалдардың тек бірі ғана. Жалпы қауіпсіздік ережесі бірнеше компоненттен тұрады. Бұл адами фактор, көлік жүргізу деңгейі, инфрақұрылым мен жол белгілері. Осы мәселені заң мен бақылауды қатаң атқара отырып, кешенді түрде шешу керек. Айыппұл өсіріп, жазаны күшейту әрине жағдайды біршама жақсартар. Бірақ мәселені түбегейлі шеше алмайды.

Ішкі істер министрлігі бұл бағытта өзге де шаралар қабылдауды жоспарлаған. Бұл ведомство патруль көліктері мен жолдағы жағдайды бақылайтын камералардың санын арттыру керек деп ойлайды. Ал жоғарыда сөз болған айыппұл мөлшері нақты қанша пайызға артатыны әзірге белгісіз. 

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы