383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Eurovision-2019 байқауында Нидерланд әншісі жеңімпаз атанды

  • 387
  • UPD: 14:14, 19.05.2019

Израильдің Тель-Авив қаласында Eurovision-2019 ән байқауының гранд-финалы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық байқаудың ақтық сынын қазақстандықтар «Хабар» арнасынан тікелей тамашалай алды. Эфир сағат 01:00-де басталып, төрт сағатқа жалғасты. Гранд-финалда 26 елдің әншілері өнер көрсетті. Олар 14-17 мамыр аралығында болған жартылай финалдық екі іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендер.

Атап айтқанда, Мальта елінен Микела есімді әнші, Албаниядан – Джонида, Чехиядан – «Малави көлі», Германиядан – S!Sters, Ресейден – Сергей Лазарев, Даниядан – Леонора, Сан-Маринодан – Тамара Тодевска, Швециядан – Джон Лундвик, Словениядан – Зала Краль мен Гашпер Шантл, Кипрдан – Тамта, Нидерландтан – Дункан Лоуренс, Грекиядан – Катерина Дуська, Изарильден – Коби Марими, Норвегиядан – KeiiNO, Ұлыбританиядан – Майкл Райс, Исландиядан – Хатари, Эстониядан Виктор Крон, Беларусьтан – Zena, Әзербайжаннан – Чингиз, Франциядан – Билал Хассани, Италиядан – Махмуд, Сербиядан – Невена Божович, Швейцариядан Лукка Ханни, Австралиядан – Кейт Миллер, Испаниядан Мики сахнаға шықты. 

Жеңімпаз 41 елден сайланған қазылар алқасының бірлескен шешімімен және көрермендердің дауыс беруі арқылы анықталды. Әділқазылар белгіленген 12 ұпайды қай елге беретінін бір күн бұрын шешіп қойса, көрермендердің дауысы тікелей эфирде қабылданды. Қазылардың шешімі қатаң құпияда сақтала отырып, Еуропалық хабар тарату одағына жолданады. Кейін, ол гранд-финалдың эфирінде жарияланып, телекөрермендердің дауысымен қосылып есептеледі.

Айта кетейік, Беларусьтың қазылар алқасының шешімі құпиялылықтың сақталмауынан жарамсыз болып танылды. Дегенмен бұл елдің халқы байқаудағы өз фавориттеріне балдарын бере алды. Нәтижесінде 492 ұпаймен Нидерланд әншісі Дункан Лоуренс жеңімпаз атанды. 465 балл жинаған италиялық әнші Махмуд – екінші, 369 ұпай алған Ресей әншісі Сергей Лазарев үшінші орыннан көрінді.

Нидерланды Eurovision байқауында соңғы рет 1975 жылы жеңіске жеткен болатын.

Хабар 24 телеарнасы