384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Хиросима және Нагасаки: 250 мың тұрғынның обалы кімге?

  • 207
  • UPD: 12:09, 18.06.2019

1945 жылдың тамыз айы.

Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кез. Ұлыбритания және Қытаймен бірлескен Америка Құрама Штаттары Жапониядан тізе бүгуді талап еткен. Шартын орындамағаннан кейін АҚШ ядролық қаруды қолданған болатын. Бұл адамзат тарихындағы ең жойқын апатқа әкелді.  

Хиросима және Нагасаки. Осы екі қаланың атауы 45 жылдың жазында болған жойқын апатты әлі күнге дейін еске салады. Сол уақытта екі атом бомбасы 250 мыңнан астам жанның өмірін қиды. 

Бомбадан тірі қалғандардың көбі уақыт өте сәуле өту, қатерлі ісік және жарылыстың салдарынан пайда болған өзге де ауру түрлерінен қайтыс болды. 

Шигео Кавагучи, Кавасаки қаласының тұрғыны:

- Жерімізге тасталған атом бомбалары туралы Жапония халқы ешқашан ұмытпас. Өйткені бұл – адам қолымен жасалған ең жойқын қару. Жапония халқы әрқашан да ядролық қарудан ада әлем құруды қолдайды. Қазір де осы мәселе бойынша түрлі пікір болғанымен, бұл жөнінде шешімді бірлесіп қабылдауымыз қажет. 

«№5 Бақытты айдаһар» атаулы балық аулайтын кеме – ядролық қауіптің тағы бір мысалы. 1954 жылы бұл кеме америкалық сутегі бомбасын сынақтан өткізіп жатқан аумаққа жақын келген. Экипаж мүшелері түгелі радиациямен уланып, кейін біреуі қайтыс болды. Бұл оқиға Жапониядағы ядролық қаруға қарсы қозғалысты одан сайын күшейте түсті.

Кадзуя Ясуда, «Дайго Фукурю-Мару» бейбітшілік қоры хатшылығының директоры: 

- 1995 жылы ядролық жарылыстарынан жапа шеккендерге және ядролық қаруға қарсы күресетін қоғамдық ұйымдарға көмек көрсетуге бағытталған заң қабылданған болатын. Үкімет ядролық қарусыздану мәселеріне көп көңіл бөліп, халыққа қажетті жәрдем беріп жүргені бізді қуантып отыр. 

Токио шығанағының жағалауында «Бақытты айдаһар» атты мұражай орналасқан. Мұнда келушілерге Жапонияда болған апаттармен қатар дүние жүзінде болған өзге де ядролық қаруға байланысты апаттар жөнінде айтылып, жойқын қаруға тыйым салуға үгіттейді. 2016 жылы бұл музейде Қазақстан елшілігінің қатысуымен Семей ядролық полигонында өткен сынақтар туралы экспозиция ашылған болатын. 

Кадзуя Ясуда, «Дайго Фукурю-Мару» бейбітшілік қоры хатшылығының директоры:

- Қорымыздың басты мақсаты – атом қаруының адамзат үшін қаупін түсіндіру. Сол себептен Семей полигоны туралы айтуды өз міндетіміз деп санаймыз. Қазақстандық әріптестермен болашақта да бірлесіп жұмыс істейміз, өйткені Қазақстан ядролық қарусыздану және жойқын қаруды таратпау бастамаларын әлемдік сахнада белсенді қозғап келеді. 

Жапония қасіреті ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Ал осындай қателіктер қайталанбас үшін тарихтан сабақ алу маңызды.

Авторы: Әйгерім Оразалиева

Хабар 24 телеарнасы