389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде ақылы жолдан өткен әр көлікке мемлекет төлейді

  • 208
  • UPD: 09:10, 26.06.2019

Израильде бірнеше ақылы жол бар.

Бірақ оларды пайдалану үшін төлеу жүйесі бөлек. Негізінен әр көлік үшін мемлекет ақы төлеп тұрады. Осылайша ол жолдарға жұмсалатын қаражатты үнемдейді.

Израильдегі нөмірі 431-жол – осы елдегі ең жаңа жолдардың бірі. Заманауи технологиялар бойынша салынған. Шу мен ылғалды өзіне сіңіріп алатын жол төсемі, көлік қозғалысын реттейтін қызмет, тіпті толассыз жаңбыр жауғанда ойпаттардан су сорып алатын стансалармен жабдықталған. Бұл жолды салуға жекеменшік компания 700 миллион доллар жұмсаған.

Эдуард Йосилевский, Израиль ұлттық жол компаниясының жобалар бөлімінің бастығы:

– 431-жол концессия келісімі бойынша жасалған. Компаниямыз осы жолды салуды жекеменшік фирмаға тапсырған. Осыдан кейін бұл жолға 22 жыл бойы күтім жасауы тиіс. Ал жобаның жалпы мерзімі – 25 жыл.

Жекеменшік мердігер өз шығынын ақтау үшін жол ақылы болды. Бірақ көлік жүргізушілер оны тіпті байқамайды. Осы жолмен өткен әр көлік үшін мемлекет төлейді. Осы мақсатта жол бойында өткен көліктерді есептейтін арнайы құрылғылар орнатылған. 25 жылдан кейін жол мемлекет меншігіне өтеді. Алайда Израильде шын мәнісінде көлік жүргізуішілер өз қалтасынан төлейтін ақылы жолдар бар. Олардың ең бастысы нөмір 6-шоссе – елдің солтүстігін мен оңтүстігін  жалғайтын жол. Ол бірнеше бөлікке бөлінген. Әрқайсынан  өту құны 3 доллардан 7 доллар аралығында. Жолдың үштен бір бөлігі тегін. Бұл оңтүстік аймақты дамыту мақсатымен қолға алынған шара. Осы бөлікпен өтетін әр көлік үшін мемлекет төлейді. Бірақ жолды жекеменшік компания жөндеп тұрады. Сонымен қатар Құдыс - Тель-Авив бағытына арнайы ақылы жолақ бөлінген. Онымен елдің басты қаласына тез жетуге болады. Баға тұрақты емес. Көлік кептелісі пайда болған кезде оның құны 50 долларға дейін жетеді. Ал темір тұлпардың саны азайған сәттегі ең арзан бағасы – 2 доллар.

Ави Бен Арье, жоба директоры:

– Бұрын Тел-Авивке жету үшін бір сағаттан аса уақыт кететін. Ал енді шұғыл іспен асыққандарға тез жету мүмкіндігі пайда болды. Ең бастысы ақша төлесе болғаны.

Бірақ бұл жолды пайдалану арқылы қаражатты да үнемдеуге болады. Жол жиегінде 5 мың көлікке арналған үлкен тұрақ бар. Көлігіңізді осы жерге қойып, автобуспен қалаға тегін жете аласыз. Бұл – Тель-Авивте көлік кептелісін азайтуға бағытталған бірегей шара.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы