389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германиядағы аптап ыстықтың салдары неге апарып соғуы мүмкін?

  • 291
Германиядағы аптап ыстықтың салдары неге апарып соғуы мүмкін?

Еуропаның бірқатар елінде бұрын-соңды болмаған аптап ыстық орнады.

Күн райының ысығаны соншалық, термометр бағамы 43 градус Цельсийге жетіп қалған. Сарапшылардың пікірінше, бұл – жаһандық климат өзгерісінің айқын дәлелі.

Германия – жаһандық климат өзгерісін алғаш сезінген елдердің бірі. Жаздың аптап ыстығынан мұндағы өзен-көлдердің суы тартылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, су көлік-қатынасының күре тамыры саналатын Рейн өзенінің экономикалық маңызы зор. Алайда, сазға тұрып қалмау үшін қазір кемелер жүкті барынша аздап тиеуде. Су тапшылығынан жергілікті шаруалар да зардап шегіп жатыр. Қуаңшылықтың салдарынан аграрлық өнім де аз шығады деп күтілуде. Бұл жеміс-жидек бағасының қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін.

Ахим Сипен, шаруа:

– Күннің ыстығы өнімдердің тез пісіп жетілуіне сеп болады. Алайда қызылша мен жүгері сынды өсімдіктер аптап ыстыққа шыдамайды. Өнім бермей тұрып қурап қалады.

Клер Нуллис, дүниежүзілік метеорология ұйымының өкілі:

– Бельгия, Германия, Люксембург, Нидерланды мен Францияда аптап ыстықтың рекордтық көрсеткіші орнаған. Термометр бағамы 40 градус Цельсийден асты. Шілденің шіліңгірі халықты шыдатпады. Кей елде температуралық рекорд бір күнде бірнеше рет жаңарған жағдайлар болды. Гренландияда мұздықтардың тез еріп жатқаны байқалды. Тек шілде айында ғана 160 миллион тонна мұз еріп кетті. Яғни көлемі жағынан 64 олимпиадалық бассейнге татиды.

Германияда қыстың жылы болуы мен жаздың аптап ыстығынан адам өміріне аса қауіпті жәндік түрлері пайда бола бастады. Олардың қатарында тропикалық кенелер де бар. Бұл жәндіктер безгек ауруларының тасымалдаушысы болып келеді. Неміс мамандары Германиядағы климаттың өзгеруі олардың жаппай көбеюіне әкелуі мүмкін деп дабыл қағуда. Орман күтушілерінің уайымы да осы. Аймақтағы аптап ыстық салдарынан қылқан жапырақты ағаштарды құртатын қоңыздар қаптап кеткен.

Йорг Фон Бейме, орман учаскесінің қожайыны:

– Сіздер менің артымдағы ағаштарды көріп тұрсыздар. Олар қуаңшылық пен қоңыздардың кесірінен зардап шеккен. Шаған мен емен ағаштары да дәл осындан зиян тартқан. Жалпы су мөлшері жеткілікті болып, шыршалар шайыр бөлген кезде қоңыздар зиян келтірмейді. Ал қазір ылғал тапшылығынан ағаштар зиянкестермен күресуге қауқарсыз. Мұның бәрі құрғақшылықтан туған мәселе.

Жалпы бүгінде жаһандық жылыну – өткір тұрған мәселе. Себебі жер шарында болып жатқан табиғи құбылыстар адамзатты ойлантпай қоймайды. Осыған орай, климатты қорғау мәселесі үлкен жиырмалық секілді ірі алаңдарда талқыланып жатқан өзекті проблемалардың біріне айналды. Аталған тақырып енді қыркүйекте өтетін Нью-Йорк саммиті мен желтоқсандағы Сантьяго конференциясында да жан-жақты қаралмақ.

Хабар 24 телеарнасы