385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Эммануэль Макрон: Қырғи қабақ елдер сауда соғысынан бас тартуы тиіс

  • 160
  • UPD: 15:13, 25.08.2019

Францияның Биарриц қаласында «Үлкен жетілік» саммиті басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше шараға қатысушы ел басшылары кешкі аста бас қосып, екіжақты кездесулер өтті. Онда саммит қожайыны президент Эммануэль Макрон әлем көшбасшыларынан сауда соғыстарын тоқтатып, Амазон ормандарын сөндіруге күш салуға шақырды. Еурокеңес төрағасы Дональд Туск болса, «бұл басқосу еркін әлем мен оның басшыларының бірлігі үшін үлкен сынақ болайын деп тұр» деді. Ал бірнеше күнге созылатын кездесуде «Үлкен жетілік» елдері әлемдік экономика және екіжақты сауда қатынастарымен қатар Ирандағы жағдай, Сирия мәселесі, Гонконгтегі шерулер, Кашмирдегі ахуал сынды өзекті мәселелерді талқылауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Биаррицтегі саммит тамыздың 26-ысына дейін жалғасады. Шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 13 мыңнан астам полицей мен әскери жұмылдырылған.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Біз қазір әлемде орын алған әрі шиеленіскен жағдайларды реттеуге күш салуымыз керек. Қырғи қабақ елдер сауда соғысынан бас тартуы тиіс. Оның салдарын күн өткен сайын көріп, бәріміз де сезініп отырмыз. Саммитке жиналған мемлекет басшылары әлем экономикасын ырықтандырудың жолын табады деп сенемін.

Ал «Үлкен жетілік» саммиті басталмай жатып Биарриц қаласына жақын жерлерде табиғатты қорғаушылар мен ғаламдануға қарсы топтардың шерулері өтті. Полициямен қақтығыстар болып, 68 адам қамауға алынды. Шерушілер үлкен жетілік басшылары берген уәделерін орындамайтынын айтып, кедейлер мен байлар арасындағы теңсіздікті жоюға, климатты жақсартуға шақырды.

Хабар 24 телеарнасы