389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Багам аралдарында Дориан дауылынан кейін балалар жоғалды

  • 191
  • UPD: 22:16, 12.09.2019

Дориан дауылы Багам аралдарына дәл 1 қыркүйекте жетті. Бұл теңіз дауылының ең күшейген кезеңі. Бесінші деңгейге бірақ жеткен. Яғни жылдамдығы сағатына 250 шақырымнан асып жығылды деген сөз. Дауыл жолындағысын жайпап, салдарынан 13 мың тұрғын-үй қирады. Аралдың кей бөлігі түгелдей су астында қалған.

Ондаған тұрғын бақилық болды. Олардың басым бөлігі балалар. Абакос аралындағы 7 жасар бала, қашып үлгермей суға кеткен. Апат кезінде осындай жағдайлар көптеп тіркелді дейді жауаптылар.    

Губерт Миннис, Багам аралдары қауымдастығының премьер-министрі:

- Аралда бүгінгі жағдай өте қиын. Тұрғындардың барлығын бір сұрақ мазалайды. «Жақындарымыз аман ба екен?» деген. Бұл қайғыны айтып жеткізу мүмкін емес. Билік өкілдері атынан жақындарынан айырылған отбасыларға қайғырып, көңіл айтамыз. Дауыл өте қатты болды. Көшелер құдды теңізге айналғандай. Ендігі мақсат зардап шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсету.  

Багам аралдарында 70 мың адам баспанасынан айырылды. БҰҰ өңірге арнайы мамандарын аттандырған. Қазір олар апаттан келген шығын көлемін есептеп, зардап шеккен тұрғындарға не қажет екенін анықтап жатыр. Бұған дейін халықаралық ұйым әлеуметтік көмектің бір бөлігін жіберіп үлгерген. Оның ішінде азық-түлік, электр генеараторлары мен байланыс құралдары бар. Енді жүктің екінші бөлігін жеткізбек. Ал есеңігіреп қалған арал тұрғындары енді ғана ес жиып жатыр.  

БЛИЦ:

1) Мен мұнда 20 жылдан бері тұрып жатырмын. Көптеген дауыл мен апаттардың куәгері болдым. Бірақ Дориандай қатты дауыл көрмеппін. Сұмдық болды енді.

2) Желдің қаншалықты қуатты болғанын айта алмаймын. Жауын болса шелектеп жауды. Десе де, бұл жерден кетпеймін. Барлығын қалыпқа келтіріп, ары қарай өмір сүремін.

3) Аралдың басым бөлігін су басқан. Баспанам тұруға жарамайды. Басқа барар жер, басар тауым жоқ.  

Багам аралдарының билігі мен халықаралық ұйымдар шығын көлемін есептеп жатқанда, америкалық RMS компаниясы нақты сандарды жариялап та үлгерді. Олар келтірген ақпарға сай Дориан  кемінде 3 жарым миллиард АҚШ доллары көлемінде шығын келтірген. 

«RMS компаниясының есебі бойынша Кариб теңізі аумағындағы Дориан дауылынан келген шығын 3,5-6,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде. Себебі қатты дауыл өңірдің инфрақұрылымын қиратқан. Жөндеуге келмейтін үйлер мен мемлекеттік нысандар бар. 

Осы арада босқындарды суқаны сүймейтін АҚШ Президенті Дональд Трамп жаңа мәлімдемесімен жұртты таң қалдырды. Ақ Үй басшысы Багам аралдарынан бас сауғалаған босқындарға қорғау мәртебесін беретінін жария етті. Әрине АҚШ-та тұру рұқсаты уақытша ғана. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Біз қазір бұл мәселені барлық тараптармен ақылдасып, талқылап жатырмыз. Америка билігі Багам Аралдарынан келген босқындардың құжаттарын тексереді. Өте мұқият болуымыз керек. Себебі бұл уақытша рұқсат беру салдарынан АҚШ-қа қарау ниетті адамдардың, қылмыскерлердің өтіп кетпеуін қадағалау қажет.  

Багам аралдарындағы дауылдан зардап шеккендерге мұндай мәртебе беруді Трампқа Флорида штатының сенаторлары ұсынған. Бұған дейін Құрама Штаттар табиғат апаты қиындық әкелген Гайти, Сальвадор және Гондурас елінің тұрғындарына көмектескен еді.

Хабар 24 телеарнасы