389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ Сауд Арабиясын қаруландырды

  • 277
  • UPD: 22:37, 27.09.2019

АҚШ-тың әскери қолдауы Эр-Риядтың қорғаныс саласын күшейте түседі. Пентагон осындай сылтаумен Сауд Арабиясына қару-жарақ пен әскер жібере бастады.

Одан бөлек төрт дана радиолокациялық жүйе орнатылады. Бұның барлығы Тегераннан қорғану үшін дейді Пентагон. Естеріңізде болса жақында ғана Сауди Арамко компаниясының екі мұнай зауытына дрондармен шабуыл жасалған болатын. Йемендік хуситтер бұл істі мойнына алса да, Вашингтон мен Эр-Рияд Тегеранды айыптап отыр. Тіпті Сауд Арабиясы әскери жауап қатуға дайын екендіктерін жеткізді.

Ибрагим Абдулазиз Аль-Ассаф, Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі:

Иран режимінің террористик, аггрессияға толы әрекеттеріне нүкте қоюы керек. Бұл ел барлық өңірге қауіп төндіріп келеді. Олардың тек екі таңдауы бар. Ия, халықаралық заң мен нормаларды орындайтын дені дұрыс мемлекет болады. Ия, барлық тараптан қыспаққа ТАП болады.

Мұнай өндірісіне жасалған шабуылдан соң АҚШ пен Иран қарым-қатынасы ушыға түсті. Дегенмен, 74-сессия аясында әлемдік БАҚ  Роухани мен Трамп кездесіп, тарихи келіссөздер жүргізіледі деп жарыса жазған еді. Тіпті Франция президенті Эммануэль Макрон екі жақты кездесуді ұйымдастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Десе де, Иран тарапы илікпей, кездесуден бас тартты.

Хасан Рухани, Иран президенті:

-Біздің бұл шабуылдарға қатысымыз жоқ. Йемендік хуситтер бұл істі мойнына алды, мойындады. Оларда алыс қашықтыққа бағытталған зымыран да, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар да бар. Бұған дейін де Сауд Арабиясына шабуыл жасап келген. Ал, АҚШ пен Эр-Рияд бәрібір де бізді кінәлап отыр. Айғақ қайда? Дәлел қайда? Кездесуге келер болсақ. Иранның 83 миллион халқына бағытталған санкция мен қысым доғарылмайынша, АҚШ тарапымен келіссөздер жүргізбейміз!

Мұнай өндірісіне жасалған шабуылдан соң, қара алтын қымбаттады. Қордағы мұнайлар сатылымға шығарылды. Одан бөлек, Тегеранды айыпты деп санаған АҚШ санкцияларын күшейтті. Бұл жолы Иран мұнайын алған Қытай Вашингтонның қаһарына ұшырады. Ал Бейжің халықаралық қауымдастыққа арызданып жатыр.

Гэн Шуан, Қытай СІМ ресми өкілі:

- АҚШ-тың біржақты санкцияларына қарсымыз. Иран мұнайын алған қытайлық компаниялар мен жеке кәсіпкерлерге сес көрсетуді қою керек. Біздің серіктестік халықаралық негізде рұқсат етілген Иран келісімі аясында жүзеге асып келеді. Ал АҚШ сол әрекетке санкция салып, құқықтық нормалар мен халықаралық заңға пысқырып та отырған жоқ. Дереу бір жақты қысымды тоқтатсын. Немесе Қытай тарапы да тиісінше жауап қайтарады

Осылайша әлемдік қауымдастықта екіұдай пікір қалыптасты. Иранды қолдап, біржақты қысымға қарсы тұрамыз деп тәуекел еткендер де табылды. АҚШ-тың сөзін сөйлегендер де бар. Соның ішінде Вашингтонның бас сенімді серіктесі БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы төрінен Дональд Трампқа ризашылығын білдірді.

Исраэль Кац, Израиль Сыртқы істер министрі:

- Біз Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трампқа алғысымызды айтамыз. Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындады. Иранға қарсы қысымы да орынды.  Таяу Шығыс өңіріндегі тұрақтылыққа кедергі келтіріп жүрген осы Иран мемлекеті. Террорлықты қолдап, әлемге қауіп төндіруде. Трамппен бірігіп, Иранның ядролық қару мен баллистикалық зымыран өндіруіне жол бермеуіміз керек.  

Сөйтіп, әлем алпауыттарының көзқұртына айналған қара алтын дауының басылар түрі жоқ. Сарапшылар әскер кіргізудің соңы қарулы қақтығысқа ұласып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Бір жұбаныш - БҰҰ мен Еуропалық Одақ жағдайды барынша бақылауда ұстаймыз дейді. Бірақ халықаралық ұйымдардың қадірі қашып тұрған аумалы-төкпелі заманда үміттен көрі күдік басым болып тұрғаны да рас.

Хабар 24 телеарнасы