389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда тұмаудан сақтану әдеттегіден кеш басталмақ

  • 106
  • UPD: 12:57, 08.10.2019

Күз келгелі дәрігерлер вирусты ауруларға қарсы екпе науқанының маңыздылығын белсенді түрде насихаттауға көшкен. Негізі вакциналар жыл сайын өзгеріп отырады.

Бұл берілген маусымдағы тұмау вирусының түріне байланысты. Сонымен қоса өндірушілер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарын күтеді. Биыл сол ұсыныстар кеш берілген. Соның салдарынан вакцина Грузияға тек күздің ортасында, яғни 15 қазанда ғана жеткізілетін болды. 

Өткен күз бен қыс бойы тұмау Грузия халқын әбден әбігерге салды. Былтыр елде вирустың бірден 3 түрі байқалған. Солардың қатарында «доңыз тұмауы» да бар. Бұл дерттен Грузияда 30 адам көз жұмды. Жалпы мұнда тұмау әдетте қарашаның аяғында басталып, ақпанда шарықтау шегіне жетеді. Осы ретте дәрігерлер алдын ала қамданып, екпені ерте жасатуға кеңес беріп отыр. Грузияда екі вакцина түрі бар. Бірі француз, екіншісі голландиялық. Бағасы 10-16 доллар көлемінде. Мемлекеттік бағдарлама аясында кейбір тұрғындар үшін тегін екпе де қарастырылған.

Паата Имнадзе, Грузия ауруларды бақылаудың ұлттық орталығының ғылыми жетекшісі:

- Былтыр мемлекеттік бюджет есебінен жоғары қауіп-қатер тобындағы 50 мыңға тарта Грузия тұрғынына екпе жасалған. Олар балалар, аяғы ауыр келіншектер, диабет және гепатитке шалдыққандар. АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырғандар, диализдегі науқастар, қарттар үйіндегілер мен дәрігерлер де бар.

Былтыр 50 мың адамға тегін екпе жасалса, биыл олардың санын екі есеге арттыру жоспарланған. Тбилиси тұрғыны Нино Хаджишвилидің 3 баласы бар. Биыл олар бүкіл отбасымен бірге алғаш рет екпе жасатамыз дейді. 

Нино Хаджишвили, Тбилиси тұрғыны:

- Біздің таныстарымыздың арасында екпе жасататындар көп. Олар ауырмайды емес, ауырады, әрине. Дегенмен ауру жеңіл өтеді. Менің 3 балам бар. Екеуі мектепте оқиды, кішісі  балабақшаға барады. Олар вирустарды жиі жұқтырады. Сондықтан күйеуім екеуіміз екпе жасататын болып шештік. Балаларымыздың дені сау болып, сабақтан қалмағанын қалаймыз. Өйткені қазір балабақша мен мектепте суық тиген баланың үйде қалуын талап етеді. Меніңше, бұл дұрыс. Барлық ата-ана осыны түсінсе деймін.

Мамандардың айтуынша, қазір екпе жасатуға дайын тұрғындар саны көбейген. Тұмаумен қоса жергілікті дәрігерлер қызылша ауруының өршуінен де қауіптенеді. Ол да бекер емес. Өйткені биыл қызылшаны жұқтырудың 3 мыңнан астам дерегі тіркелген. Бұл ретте дәрігерлер ауруға қарсы екпенің барлық тұрғындар үшін тегін екенін және оны дәріханада-ақ жасатуға болатынын ескертеді. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы