388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иран өзі үшін жеке интернет желісін ашуы мүмкін

  • 180
  • UPD: 16:30, 23.10.2019

Иранда дербес интернет жұмыс істеуі мүмкін. Жуырда бұл бастаманы ел президенті Хасан Роухани ұсынды. Оның пікірінше, тек осы жолмен ғана ғаламтордағы адамдардың жеке мәліметтерін қорғауға болады. Үкімет өзінің басты міндеттерінің бірі азаматтардың қауіпсіздігін сақтау деп санайды. 

Иранда ғаламторды арнайы киберқауіпсіздік орталығы бақылайды. 2015 жылы ол жеке бір құрылымға бөлінгенімен, Ислам революциясы сақшылары корпусының қадағалауында қалған. Ең алдымен, мамандар сыртқы күштердің елдің ішкі саяси жағдайына ықпал ету мүмкіндігін аңдып отырады. 

Реза Афшари, «Суруш» университетінің ақпараттық технологиялар пәнінің оқытушысы:

- Киберкеңістігімізді қорғаушыларымыздың бірнеше міндеті бар. Бастысы, қауіп-қатерлерге тосқауыл қою. Сонымен қатар интернетті бақылап, контенті қадағалап отырады. Бұл қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді. Мәселен, әлдебіреу «бомбаны қалай құрастыруға болады?» деген сауалды терсе, бір секундтан кейін ирандық мамандар осыған назар аударады.  

Иранның киберкеңістігінде қосымша сақтықты аэроғарыш өнеркәсібі, қорғаныс кешендері, мұнай және қаржы салалары қажет етеді. Өткен жылы Иран кибершабуылдарға жиі ұшыраған. Бұған әлемдегі саяси ахуал әсер етті. Сыртқы қысымның кесірінен Тегеран тек қалқан құрып қана қоймай, кибербарлау мен оған қарсы шабуыл жүйелерін жасап шығарған.  

Мохаммад Паченари, «Суруш» университетінің профессоры:

- Мұны соғыс деп ата алмаймыз. Бірақ мемлекетке шабуыл жасалса, ол өзін қорғап алуға тиіс. Біз мұны «жұмсақ күш» деп атаймыз. Ұзақ уақыт интернеттің қаупін жете бағаламай келдік. Алайда арам пиғылы бар әлдебіреулер ғаламтордың көмегімен елге зор нұқсан келтіруі мүмкін. Көптеген мемлекеттерден айырмашылығымыз, біздің мамандар ережелерді сақтайды, біз өзге істерге араласпаймыз және қаржылық қарақшылықпен айналыспаймыз.  

Бүгінде Иран үкіметі интернетке толық тыйым салып жүрген жоқ. Бүкіл ғаламторды бұғаттамай, қауіп төндірген сайттарға ғана шектеу қояды. Сарапшылардың мәліметінше, осының арқасында соңғы екі жылда интернетке кіру жеңілдеген. 

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы