384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иран уранды байытуға арналған ондаған жаңа центрифугаларды іске қосты

  • 154
  • UPD: 10:39, 11.11.2019

Вашингтон мен Тегеранның арасындағы тартыс шарықтау шегіне жетті ме?

Соңғы бірнеше айда Америка Иранға санкция салумен болды, Ислам Республикасы жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын жүзеге асырудан бас тартып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселенің нақты қандай жолмен шешілері әзірге белгісіз. Бірақ қалай болғанда да осы аптада Иран уранды байытуға арналған ондаған жаңа центрифугаларды іске қосты. Осыған байланысты АҚШ енді санкция салумен ғана шектелмей, экономикалық  бұғатқа дейін баратынын айтыпты.

Иран мен Америка арасындағы дау осы аптада Тегераннан Фордоға ауысты. Себебі дәл осы қалада уранды байытуға арналған 30 жаңа центрифуга ашылды. Осылайша, Иран елінде ядролық келісім міндеттемелерін қысқартудың төртінші кезеңі басталды. Бейсенбі күні нысан өзінің алғашқы партиясын берді. Енді билік өкілдері алдағы аптаның ортасына қарай уранды байыту көрсеткіші 5%-ке жететінін мәлімдеп отыр.

Бахрам Ханлар, саясаттанушы:

Тегеран айтқан сөзінде тұрады. Міне, уәдесін орындап жатыр. Ал Еуропа мен АҚШ болса, құр қол қусырып қарап отыр. Иран ядролық міндеттемелерді қысқартудың бесінші және алтыншы кезеңіне өтеді. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік мамандары біздің атқарып жатқан жұмысымызды бақылап, әр қадамымызды біліп отыр.

Уран төңіріндегі шиеленіс өткен жылдың мамыр айында басталған еді. Сол кезде Дональд Трамп ядролық келісімнен шығатынын мәлімдеп, Иранға қайта санкция салынатынын айтқан болатын. Мәселенің анық-қанығына бармай, Құрама штаттар Тегеранды «келісім талаптарын бірінші болып бұзды» деп айыптады. Ақырында Ислам Республикасы бір жыл ішінде бірнеше рет санкцияға ілінді. Нәтижесінде Иран өзінің бірқатар еуропалық бизнес серіктесінен айырылды.

Самира Заргоми, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы:

- Жалпы Еуропа мен Америка болып жатқан іске жауапты емес екендерін көрсетуге тырысты. Келісімге сай АҚШ өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда Тегеран да өз бетінше Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарынан шыға алатыны көрсетілген. Америка келісімнен шығу арқылы оның АҚШ-қа аса маңызды емес екенін байқатты. Енді қазір Еуропаға қысым көрсетіп жатыр.

Қазір тараптардың тартысы екі елді де тығырыққа тіреп отыр. Сарапшы мамандардың айтуынша, Құрама штаттардың Иран аумағында белсенді әрекет етуіне күші жетпейді. Ал санкциядан көз ашпай келе жатқан Иран болса, тағы да қарызға белшеден бата түседі. «Сондықтан ядролық бағдарлама төңірегіндегі жағдайды реттеудің бірден-бір дұрыс амалы саяси-дипломатиялық шешім екені сөзсіз», дейді. Қазір Тегеран ядролық бағдарлама жөніндегі келісімге қайта оралып, Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыруды талап етіп отыр. Сол кезде ғана Иран да өз міндеттемелерін орындауға кіріспек. Осылайша, Ислам Республикасы өзінің бұрынғы серіктестеріне ультиматум қойып, ойлануға 2 ай уақыт беріп отыр. Оның мерзімі 2020 жылдың 1 қаңтарында аяқталады.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы