384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сириядағы ежелгі қала қалпына келтіріліп жатыр

  • 260
  • UPD: 19:34, 20.11.2019

Сирия әлемдегі ең ежелгі елдердің бірі, ал Алеппо бұл елдегі ең ескі қала, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арабша Халеб деп аталатын бұл шаһар адамзат мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Қала тарихын жақсы білетін жергілікті тұрғындар өз жерін мақтан тұтады. Соғыс кезінде шаһардың шығыс бөлігінің күл-талқаны шыққанымен, тұрғындар ол қайта қалпына келетініне сенімді. 12 мың жылдан аса тұрған бұл қалаға талай рет ойран салған еді. Бірақ ол ұдайы қайта жаңғыратын.

Алеппо – Сирияның өнеркәсіп орталығы. Сол себепті, мұнда ең алдымен зауыттар мен фабрикалар қалпына келтіріліп жатыр. Тілшілеріміз құрыш құю зауыттарының біріне барып, иесімен әңгімелесті.

Мұхаммад Каторжи, зауыт иесі:

– Біздің өніміміз бүкіл елге қажет болғандықтан, онымен қамту үшін бар күшімізді салып келеміз. Иә әрине, тәулік бойы электр қуатын пайдаланғанымыз үшін жеңілдікпен төлейміз. Сондай-ақ, жұмысшыларға әлеуметтік көмек қарастырылған.

Әскери қимылдар кезінде жасақшылар ежелгі нарық пен ежелгі мешітті жарып жіберген болатын. Қазір Сирия үкіметі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп жатыр. Осындай алғашқы нысандардың бірі көне заманнан келе жатқан әйгілі базар болған. Саудагерлер тауарын әкеліп, кәсібін қайта бастайтын кезді асыға күтіп отыр.

Абдулла Азиз, саудагер:

– Базарымыз қайта ашылатынына өте қуаныштымын. Бірақ сол көне базар болмайтынына жаным ашиды. Құдай бұйырса, бәрі де жақсы болады.

Қала қалпына келіп жатқанына қуанғанымен жергілікті тұрғындар ежелгі ескерткіштерінен айырылғанына налиды.

Сухель Насер, реставратор:

– Жасақшылар тарихымызды жойып жатқанын жақсы білген. Осы мақсатпен туннельдер қазып, базарларымызды жарып жіберді. Алеппоны босатқаннан кейін мемлекет бұл базарларды жоспар бойынша қалпына келтіре бастады. Әрине көне базар қирағаны өкінішті. Жаңа өскен ұрпағымыз тарихымызды өз көзімен көре алмайды. Дегенмен бұрын болған түріне келтіргіміз келеді.

Қалпына келтіру жұмыстарына балалар да атсалысып жатыр. Олар оқудан бос кезінде көмектесуге келеді. Соғысқа қарамастан, Сирияда жалпыға бірдей білім беру жүйесі қызмет етеді. Елде 7 мыңға жуық мектеп, 8 мемлекеттік пен 23 жеке меншік университет бар. Осы жылда 844 оқу орны қалпына келтірілген.

Авторлары: Ақмарал Баталова, Евгений Махметов.

Хабар 24 телеарнасы