378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сириядағы соғыс кезінде 5 млн-нан астам адам елден босып кеткен

  • 215
  • UPD: 09:06, 27.11.2019

Сириядағы соғыс кезінде босып кеткендерді бірнеше топқа бөлуге болады.

Бірінші топқа дәулетті тұрғындар кірген. Олар өздерімен бірге байлығын да алып кеткен. Орташа табысы бар жоғары білікті мамандар Еуропа, Мысыр мен Біріккен Араб әмірліктеріне көшіп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Саудагерлер мен кәсіпкерлердің көбісі көрші елдерді қоныстанған. Ал тұрмысы нашар сириялықтар Ливан, Түркия және Иорданиядағы босқындар лагерлерінде тұруға мәжбүр. Соңғы кезде сириялықтар отанына орала бастады.

Сириялық босқындардың көбісі шатырларда тұрып жатыр. Олардың айтуынша, мұндағы тұрмыс ауыр. Аштықты да көріп, түрлі ауруларға шалдыққан. Жұмыс болмағандықтан, қылмыс өршіп тұр. Осындай қалашық тұрғындарының 80% отанына оралуға дайын. Бірақ көбісі үкімет жағынан қысым көреміз деп қауіптенеді. Алайда елде қалған сириялықтардың айтуынша, тек террорлық топ бақылауындағы аймақтан келгендерге ғана осындай қауіп төніп тұр. Олар содырларға қатысы жоқ екенін дәлелдеуі тиіс. Ал шетелде тұрған және әскери қимылға қатыспаған босқындар емін-еркін үйлеріне орала алады. 

БЛИЦ:

– Бүгін – біз үшін бақытты күн. Бірнеше жылға созылған соғыстан кейін ақыры Түркиядан Маалюлюға оралдық. Сирия – бұл менің бүкіл өмірім.

– Сирия мәңгі жүрегімде қалады, мен үшін ол бүкіл ғаламға тең. 

Шетелге босып кеткендермен қатар үйлерін тастап, елдің өзге аумақтарына көшкендер де бар.

Самер, Идлиб қаласының тұрғыны:

– Онда қалай өмір сүргенімізді айтып, көңілдеріңізді бұзғым келмейді. Жағдайымыз өте қиын болды. Сол жерден кетіп құтылғанымызға ризамыз, жақын арада әскеріміздің Идлибті босататынына нық сенеміз.

Хан-Шейхунде Ресей әскері тұрғындарға гуманитарлық көмек үлестірді. Ал еріктілер болса, балаларға ерекше көңіл бөліп, олар үшін түрлі ойындар ұйымдастыруда.

Уафа Хан-Шейхун қаласының тұрғыны:

– Өзім осы Хан-Шейхун қаласынанмын. Жасақшылар болған кезде осында тұрдық, бірақ тұрмыс етуге ешқандай жағдай болмағандықтан, ата-анамызбен бірге Хамаға көшуді шештік. Өз үйімізге оралатынымызға өте қуаныштымыз, бұзылған болса да, қалпына келтіреміз.

Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, бейбіт тіршілікті қалпына келтіру ең алдымен мектептер мен ауруханалар құрылысынан басталады.

Мухаммад Саадет, Хан-Шейхун қаласының мэрі:

– Жасақшылар қала инфрақұрылымына орасан зор нұқсан келтірумен қатар, көптеген тұрғынды да өлтіріп кеткен. Қаланы босатқаннан кейін оның аумағын миналардан тазарттық. Сондай-ақ жауласқан тараптарды бітістіретін ресейлік орталық құрылды. Дәрігерлік көмек беретін мекеме ашылып, Хомстан нан жеткізіледі.

БҰҰ мәліметінше, 2018 жылы Сирияға 37 мың босқын оралған. Биыл олардың саны 250 мыңға дейін артады деген болжам бар. Үй мен мүлкінен айырылғандар бәрін жаңадан бастауға мәжбүр. Сарапшылардың пікірінше, халықаралық қауымдастықтың көмегінсіз елді қысқа мерзімде қалпына келтіру қиынға соқпақ. 

Авторлары: Ақмарал Баталова, Евгений Махметов

Хабар 24 телеарнасы