376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаһан жұртшылығы Мадридтегі конференцияға қарсы наразылығын білдіріп жатыр

  • 205
  • UPD: 21:49, 09.12.2019

Жаһандық климаттың өзгеруі қауіпті ұлғайтты. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде осыған алаңдаған көпшілік билікке талап қоя бастады.

Брюссельде мыңдаған адам көшеге шығып, парламент ғимаратын қоршап алған, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл ғана емес. Мадрид, Париж, Лондонда да экобелсенділер жиылып, көше бойында адам аяғы басар жер қалмады. Олардың қойған талабы қандай?

Мадридте БҰҰ-ның климат бойынша конференциясы өтіп жатар.

Көптің пікірінше, дәл осы климатты өзгерту саммитіне жиналған әлем көшбасшылары түк те шешпейді. Жылдан жылға керісінше қоршаған орта ластанып, табиғи апаттар саны артып келеді.

Соңғы 10 жыл тарихтағы ең ыстық жылдар болмақ. БҰҰ-ның климат бойынша XXV конференциясында ғалымдар осылай деп мәлімдеді. Ия, 3 желтоқсаннан бері әлемнің 200 мемлекетінен келген 25 мың адам Мадридтегі COP25 конференциясында климатты өзгерту жолдарын талқылап жатыр. Дегенмен, бұл үдеріске көңілі толмағандар да табылды. Мадридтің 500 мыңға жуық табиғат жанашырлары көшеге шығып, наразылығын бимен жеткізді. Көпшілік мұндай саяси жиындардың нәтиже бермейтінін айтады.

Блиц 1:

- COP25 конференциясы түк пайдасыз, бос шығын. 25 жыл өтсе де, климаттың жақсарғанын көрмедік. Жалған «жасыл» науқандардан гөрі климатты өзгертуге нақты саяси қадамдар керек бізге.

Блиц 2:

- Үкіметке арыз да, өтініш те, петиция да жаздық. Нәтиже болмаған соң көшеге ереуілге шықтық. Табиғатты қорғау біздің азаматтық құқығымыз.

Конференцияға қарсы ереуілден бөлек, Мадридте мұхиттарды қорғауға шақырған митинг те өтті. Белсенділер теңіз түстес көк киім киіп, қолдан жасалған киттің макетін көтеріп шыққан. Олар соңғы уақытта теңізде қоқыс көбейіп, мұхиттардың ластанып бара жатқанын айтады.

Саул Флорес, экобелсенді:

Теңіз бен мұхит жер шарында оттегін бөлетін, тіршіліктің қайнар көзі. Сондықтан көмірқышқыл газының бөлінуін барынша азайту керек. Өйткені зардабы мұхиттарға тиюде. Қоқысты да айтпай кетуге болмайды. Осының салдарынан Жерорта теңізінің температурасы 0,4 градусқа көтерілген. Теңізсіз біз өмір сүре алмаймыз.

Климат жақтастары тек Мадридте ғана емес, бүкіл Еуропаны бастарына көтеріп, ереуілдетіп жүр. Лондонда белсенділер бірігіп, Хитроуға баратын жолды жауып тастаған. Ереуілшілер әуежайға салынғалы жатқан ұшу-қоны жолағының құрылыс жұмыстарына қарсы. «Өйткені Хитроу әуежайының ауқымы кеңейген сайын ауаның ластану ауқымы да кеңейе түседі», дейді мамандар. Ал, Бельгияның Брюссель қаласында мыңдаған адам парламент ғимаратын қоршап алған. Табиғат жанашырлары биліктен жаһандық жылынуға қарсы шаралар қабылдауды талап етті.

Занна Ванрентергем, экобелсенді:

3000 адам бірігіп, үкімет ғимаратын қоршап алдық. Билік басындағылар халықтың жанайқайына құлақ асуы керек. Олар нәтижесіз жиындарға уақыт жоғалтып жүргенде климаттың өзгеруінен адамдар зардап шегуде. Түрлі табиғи апаттар осы ауаның ластануы яки жаһандық жылыну салдарынан орын алып отыр.

Парижде Эйфель мұнарасының маңына жиылғандар «Төңкерілген Макрон» акциясын өткізді. Жұрт президенттің портретін төңкеріп, суретке түсті. Одан бөлек, «Макрон бос сөздердің чемпионы» деген жазулар ұстап шыққан. Ереуілшілер ел президенті Эммануэль Макронның климаттық саясатына наразы. «Сондай-ақ БҰҰ конференциясына қатыспау арқылы қоршаған ортаға деген көзқарасын айқын көрсетті», - дейді белсенділер.

Полин Байер, экобелсенді:

- Біз Эйфель мұнарасы, яғни COP21-дің симфолы болған нысанның қасына жиналдық. 100 ереуілші. Макронның 100 портреті. Неге дейсіз бе? Себебі Париж климаттық келісімі бойынша түк те жасалынбады. Ия, бастамашы болғанын қайтейік, іс жүзінде жоба жұмыс істемесе.

Осылайша, жаһан жұртшылығы Мадридтегі конференцияға қарсы наразылығын білдіріп жатыр. Бұған дейін де экобелсенділер «Friday for future» челенджін ұйымдастырған еді. Табиғат жанашырлары климаттың өзгеруіне адамдар кінәлі екенін айтады. «Алдағы уақытта көмірқышқыл газының бөлінуін азайтпаса, жаһандық апат орын алады», - дейді. Өйткені көп елдер пайданы ойлап, өндірісті көбейту арқылы қоршаған ортаға көп зиян келтіріп отыр.

Биыл Еуропада ауа температурасы 46 градус целсийге дейін көтеріліп, ең ыстық жаз болып тіркелді. Оған қоса, орман өртінің жиілеп кеткенін ескерсек, экобелсенділердің биліктен нақты шаралар қабылдауды талап ету бекер емес.

Хабар 24 телеарнасы