443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде жолда жан тапсырғандар саны соғыста қаза болғандардан әлдеқайда көп

  • 264
  • UPD: 11:52, 26.12.2019

Израильде жол-көлік апаттары жиілеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Тіпті жолда жан тапсырғандар соғыста қаза болғандар санынан әлдеқайда көп», дейді мамандар.

Алайда үкімет бұған қарсы шаралар қабылдауға асығар емес.

Жол апаттары нағыз ұлттық мәселеге айналды. Қаза болғандардың саны ай сайын артып келеді. Осы көлік апаттарынан жүздеген адам қаза табады. Алақандай ел үшін бұл өте үлкен көрсеткіш. Мұнда былтырғымен жол оқиғаларының саны 12%-ке өскен. Мұның себеп-салдарын түсіну де қиын. Өйткені елдегі жолдардың сапасы жоғары, қозғалысты толыққанды басқару жүйесі жұмыс істейді және ереже бұзғандарға үлкен мөлшерде айыппұл салынады.

Юрий Брандт, жол-көлік оқиғалары бойынша адвокат:

- Жыл сайын Израильдегі автокөліктер саны 250 мыңға дейін артып отырады. Тұрғындар техникасын жаңартуға құмар, бірақ ескілерін де тастамайды. Осының салдарынан жолда көлік көбейіп, мұның соңы апаттар санының артуына әкеледі.

Темір тұлпарлардың көбеюі дамыған елдерге тән құбылыс. Мұнда орта шамамен әр отбасында екі көлік бар. Ал жол апаттарына, мамандардың айтуынша, негізінен жүргізушілердің нашар дайындығы кінәлі. Оларды көлік тізгіндеуге емес, емтихан тапсыруға үйретеді. Сондай-ақ жаңбыр жиі жауатын қысқы маусымда көлік игеру дағдысы қалыптаспаған.

Юрий Брандт, жол-көлік оқиғалары бойынша адвокат:

- Еуропа мен Америка тұрғындары қысқы жолдарда қалай жүру керектігін біледі, Израильде мұны ешкім үйретпейді. Желтоқсан – Израильде жаңбыр ең жиі жауатын ай, статистикаға сүйенсек, бұл айда жол апаттарының саны 150%-ке артады.

Ертеректе жүргізушілерді дайындағанда жауын кезінде көлікті қалай басқару керектігін үйрететін. Ол үшін арнайы ылғалды алаңдар болатын. Кейін осы сабақтарды оқу бағдарламасынан алып тастады. Сондай-ақ жолдарда кезекшілік ететін полиция патрульдері аз. Бүкіл ел аумағында олардың саны 200-ге де жетпейді. Сондықтан жүргізушілер ереже бұзудан қорқа қоймайды.

Юрий Брандт, жол-көлік оқиғалары бойынша адвокат:

- Израиль жүргізушілері жауапсыздықты сезініп, жылдамдықты асырады. Жолда телефонмен сөйлеседі. Полиция жоқ болған соң еркін жүреді.

Енді қалып тұрғаны жол сақшыларын көбейту керек. Сонымен қатар жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға үгіттеу – міндет. Осы мәселе үкіметтің де алаңдаушылығын туғызып отыр. Бірақ шешімін тапқан жоқ. Ал айыппұл мөлшері онсыз да жоғары болғандықтан, оны тағы көтеруден келіп-кетер пайда аз болып тұр.

Авторлары: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы