412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ & Иран жанжалы: Касем Сүлеймани кім болған

  • 1270
  • UPD: 22:08, 06.01.2020

Америкалықтардың шабуылынан көз жұмған ирандық генерал Касем Сүлейманидің қазасынан кейін Таяу Шығыстағы жағдай ушығып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Иран жұрты кек қайтару туралы айтуда. Ресми Тегеран ядролық келісімнен шығатынын жария етті. Ал АҚШ болса, Иракқа санкциялар салып, Иранға соққы жасаймыз деп отыр.

Касем Сүлейманиге Бағдат халықаралық әуежайы аумағында шабуыл жасалған. Артынша АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі оның Дональд Трамптың бұйрығымен ұйымдастырылғанын айтып, тиісті мәлімдеме жасады. Онда «Сүлейманидің көзін жою – шетелде жүрген америкалық қызметкерлерді қорғау үшін жасалған батыл қадам» делінген. Өйткені айтуларынша, генерал Ирактағы және бүкіл өңірдегі АҚШ дипломаттарына шабуыл жасау жоспарларын құрып келген. Жалпы көпшіліктің көкейінде «Касем Сүлеймани кім болған?» деген сауал жүргені анық. 62 жастағы генерал беделі бойынша Иранда аятолла Хаменеиден кейін екінші адам саналатын. Ол «Ислам революциясы сақшыларының корпусы» құрамындағы «әл-Кудс» арнайы жасағының басшысы болған. Бұл жасақ Таяу Шығыстағы әскери және барлау қызметімен айналысады.

Шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, генералдың жемқорлық былығына қатысы болмаған. Қарапайым өмір сүрген. Басты жетістіктерінің біріне Сириядағы лаңкестермен жүргізген күресін жатқызуға болады. Көбі Иранның Ислам әлемінде, соның ішінде шейіттер әлемінде ықпалының артуына да Сүлейманидің қосқан үлесі зор дейді. Иран халқына марқұммен қоштасуға мүмкіндік беру үшін бүгін елде демалыс жариялаған. Тегеран орталығында көлік қозғалысы тоқтатылған. Мектептер жұмыс істемейді. Соңғы мәлімет бойынша, генералмен қоштасуға 3 миллионға жуық адам жиылған. Қоштасу рәсіміне келгендер арасында генералдың қызы да бар.

Зейнаб Сүлеймани, Касем Сүлейманидің қызы:

– Сүлейманидің қазасын жауапсыз қалдырмаймыз. Ол үшін кек қайтарылады. Сүлейманидің жаулары ол қайтыс болғаннан кейін де онан қорқатынын білемін.

Билік те мәлімдеме жасады. Ресми Тегеран өзінің ядролық бағдарламасын шектеуге қатысты халықаралық келісім талаптарын бұдан былай орындамайтынын айтты. Ислам республикасы енді уран байыту көлемі мен ядролық зерттеулер саласындағы шектеулерден бас тартпақ. Ал Ирак парламенті тіптен елден АҚШ әскерін шығаруды талап етті. Сондай-ақ депутаттар қандай себеп болмасын, шетел әскерінің ел аумағымен қозғалуына қарсы тыйым салуға үндеуде. Өйткені ресми Бағдад Сулейманидің өлімін егемендікке нұқсан келтіру және Америка әскерінің ел аумағында болу тәртібін бұзу ретінде қарастырып отыр.

Мұхаммед Әл-Халбуси, Ирак парламентінің спикері:

– Үкімет Ирак аумағында қандай да бір шетел әскерінің болуына тыйым салуы қажет. Ал Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың ел егемендігіне нұқсан келтіруіне байланысты БҰҰ мен Қауіпсіздік кеңесіне Американың үстінен шағым түсіру бойынша өтініш жасауы тиіс.

Бұл мәлімдемеден кейін Дональд Трамп АҚШ әскері Ирактан қандай жағдайда кететінін айтты. Ақ үй басшысының мәлімдеуінше, ол үшін Бағдад америкалықтар тұрғызған әуе базасының ақысын төлеуі тиіс. Айтуынша, оған бюджеттен миллиардтаған доллар жұмсалыпты. Бұған қоса, Трамп мырза Ирак билігі жаугершілік әрекеттерге барар болса, санкция салатынын айтып, сес көрсетті. Тіпті америкалықтардың мәдени нысандарға соққы жасауға құқығы бар екенін мәлімдеді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Олар біздің азаматтарымызды өлтіріп, азаптап жатқанда, жол бойына бомба қойып, біздің адамдарды жарып жатқанда, бізге олардың мәдени нысандарына тиісуге рұқсат етілмей ме? Бұл мүлдем ақылға қонымсыз жағдай.

Жағдайдың ушығуына байланысты АҚШ Конгресі Дональд Трамптың Иранға қатысты әскери өкілеттігін шектемек. Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелогси қазір осыған байланысты резолюция дайындалып жатқанын мәлімдеді. Конгрестегілер президент әкімшілігінің генерал Сулейманидің көзін жою операциясын ешбір кеңессіз ұйымдастырғанына алаңдаушылық білдіріп отыр. 

Жалпы жағдайдың ушығуы Еуроодақ елдерінің жетекшілерін де алаңдатуда. Осы ретте Франция, Германия және Ұлыбритания басшылары ортақ мәлімдеме жасады. Олар Иранды ядролық келісім шарттарын бұзбауға шақырды. Жапония да соңғы оқиғаларға қатысты алаңдаушылық танытып отыр.

Синдзо Абэ, Жапония премьер-министрі:

– Таяу Шығыста шиеленістің ушығуына жол бермеу үшін тараптар дипломатиялық жолмен мәмілеге келуі тиіс. Жапония өз жағынан жағдайдың тұрақтануына ықпалдасатын болады.

Жағдайға трейдерлер де алаңдаулы. Осы ретте Брент маркалы мұнай бағасы қымбаттады. Қара алтын құны 70 доллардан асқан. Мұндай жағдай соңғы рет өткен жылдың мамыр айында тіркелген екен. Дабл-Ю-Ти-Ай маркалы мұнайдың да бағасы қымбаттап, қазір бір баррелі 63 долларға сатылып жатыр. Инвесторлар Иран жағы Ормуз бұғазын жауып тастай ма деп қауіптенуде. Өйткені Парсы шығанағы елдері өндіретін қара алтынның көп бөлігі әлем нарығына осы өткел арқылы тасымалданады.  

Алаңдаушылық қарапайым халық арасында да байқалуда.

жергілікті тұрғын:

– Америкалықтар жағдайдың шиеленіскенін қаламайды. Сол үшін де көшеге шығып отырмыз. Айтқымыз келгені - АҚШ жұрты биліктің бұл шабуылын құптамайды.

Генералдың қазасына байланысты өзге елдерде де ереуілдер өтіп жатыр. Наразылық акциялары АҚШ-та, Иранда, Пәкістан, Түркия, Филиппинде де ұйымдастырылған. Жұрт марқұмның суретін қолға алып, көшеге шығуда.

Ал сарапшылар түрлі пікір айтуда. Десе де көбі істің насырға шабуы екіталай деп топшылап отыр. Өйткені марқұм генералдың Ислам республикасында жақтаушыларымен қатар қарсыластары да көп болған. Сондықтан сарапшылар Иран абыройын сақтап қалу үшін ғана шабуылға жауап қайыруы мүмкін дейді.

Хабар 24 телеарнасы