443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тегеранда құлаған ұшақ апатына жарылыс себеп болған болуы мүмкін

  • 348
  • UPD: 11:21, 09.01.2020

Тегеранда құлаған украиналық Boeing 737 ұшағында 176 адамның қайтыс болғаны  мәлім. Сарапшылар аталған әуе кемесі әлемдегі ең жиі ұшатын ұшақ екендігін айтады. Украиналық мамандардың Ирандағы ұшақ апатына қатысты пікірлері сан алуан.

Украинаның халықаралық Борисполь әуежайында жағдай қалыпты. Бірқатар БАҚ өкілдері жағдайды бақылау үшін осында жиналып, ақпарат таратып жатыр. Тегераннан ұшып келуі тиіс туыстарын күтіп алу үшін екі адам Борисполь әуежайына келген екен. Алайда оларды журналистермен сөйлестірмей, «МАУ» компаниясының өкілдері алып кетті.

Илья Березенко, украиналық журналист:

- Бізге мәлім болғаны, МАУ компаниясы экипаж мүшелерінің туыстарын Тегеранға жіберуді жоспарлап жатқанын жеткізді. Журналистер апатқа не себеп екенін сұрады. Бұл ретте компания өкілдері, экипаж мүшелерінің кәсібилігіне күмән келтірмейді. Дегенмен, Украинаның Ирандағы елшілігі ұшақ апатының террорлық әрекетке еш қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Бірақ қазір бұл ақпаратты сайттан алып тастаған. 

Украиналық МАУ компаниясы апаттың техникалық ақаулардан туындағанын растап отырған жоқ. Өйткені, жолаушы тасымалдайтын Боинг 737 алтыншы қаңтарда ғана тексерістен өткен. Оның үстіне бұл ұшақты көп елдер пайдаланады. Тіпті әлемде әр секунд сайын осындай үш әуе кемесі ұшып- қонады екен. 

Александр Кава, көлік саласының маманы:

- Осы ұшақ алдында ғана Киевтен ұшып келген. Бірнеше сағаттан соң Тегеранға қайта ұшқан. Видеодан байқасақ, ұшақтың бір қозлғатқышы істен шыққан. Екінші қозғалтқыштың күйі қандай болғаны белгісіз. Болжам бойынша ұшақ құстармен соқтығысқан. Не болмаса ұшақ ішінде жарылыс болған. 

Ұшақтағы жолаушылар мен экипаж мүшелерінің есімі көп ұзамай мәлім болды. Қайтыс болған 176 адамның 82-сі Ираннан, 62 адам Канада азаматы. Сондай-ақ бортта Швеция, Ауғанстан, Германия мен британиялықтар болған. Экипаж мүшелерін қосқанда 11 адам Укриналық. Апаттың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. 

Андрей Гук, авиациялық құқық бойынша сарапшы:

- Украинадан халықаралық азаматтық авиация ұйымының ұлттық тергеу бюросы мен тасымалдаушылардың өкілдері Иранға ұшып бара жатқаны белгілі болды. Бұл Иранда тергеу комиссиясы құрылғанын және жұмысын бастағанын білдіреді. Иран тарапы әуе кемесіндегі қара жәшікті ұшақты құрастырушы АҚШ-қа берілмейтінін мәлім еткен. Бұл қалыпты жағдай. Қара жәшіктегі ақпаратты комиссия құрамына енетін өзге де елдің өкілдері анықтай алады.

Украина Үкіметі елдегі барлық әуе компанияларына Иранға ұшуға тыйым салды. Бұл мораторий апаттың себебі анықтағанша алынбайды.

Авторлары: Аида Кыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы