429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинадағы Карпат ормандарының 130 мың шақырымы 15 жыл бойы заңсыз кесіліп келген

  • 386
  • UPD: 14:53, 14.01.2020

Он бес жыл бойы Украинаның шығыс өңіріндегі Карпат ормандарының 130 мың шақырымы заңсыз кесіліп келген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соңғы жылдары орман қауіпсіздігін қадағалаушы экология саласының қызметкерлерін ұрып-соғу фактісі жиілене түскен. Ызаға булыққан экологтар Киевте орманды заңсыз кесуге қатысты қарсылық акциясын өткізді.

Бұл акцияның ауаны ерекше, құр айқай емес, экологтар қоғамның назарын өзіне ағашты аямай балталау арқылы аударуды жөн көріпті. Осындай іс-қимыл арқылы орман ағаштарын заңсыз кесуді доғаруды талап етеміз дейді олар. Ну орманды оңды-солды кесуден бөлек, жасыл желекті қорғаушылардың да күні мәз емес деген мәселені алға тартады шара белсенділері.

Владимир Борейко, эколог:

– Украинаның орман шаруашылығы саласы жемқорлық әрекеттерге толы. Одан бөлек, экология инспекторларын тексеруге тосқауыл қою әрекеттері жиі байқалады. Оларды ұрып-соғып, көліктерін өртеп кету сияқты фактілер жиі орын алады.

Бұл ретте, Карпат аумағындағы Житомир және Ивано-Франковск өңіріндегі жағдай жаға ұстатқан. Қарсылық акциясын ұйымдастырушылардың айтуынша, инспекторлар жұмысын жөнді атқара алмай жүр, өйткені кедергі көп. Салдарынан олар 800 мың ақш доллары көлеміндегі шығынға ұшыраған. Мұндай айғау-шудан кейін шара белсенділерімен кездесуге мемлекеттік орман ісі агенттігінің жаңа тағайындалған басшысы шығады.

Андрей Заблоцкий, Украина орман ісі агенттігінің басшысы:

– Сіз көтерген мәселе құқық қорғау органдары мен ішкі істер министрлігінің құзырына қарайды. Егер ұлттық полиция мен аталған министрлікке арыз-шағымдарды жіберген болсаңыздар, біз орман ісі бойынша комитет шет қалмаймыз, қолда бар ақпаратпен бөлісеміз.

Сала агенттігінің төрағасы аталған өңірдегі келеңсіз жағдайды күн тәртібіне қоямыз деп уәде берді. Сондай-ақ ол орман кесудің жолына тосқауыл қоюы тиіс елдегі жаңа қызмет, атап айтқанда орман ағаштарын кесуді қосымша бақылайтын онлайн картаның жұмысын тілге тиек етті.

Андрей Заблоцкий, Украина орман ісі агенттігінің басшысы:

– Онлайн аппликация арқылы гео-локацияны анықтап, оның аумағындағы ағаштардың жағдайын көруге болады. Егер осы маңда қандай да бір ағаш кесу ісі байқалса, карта оны бірден көрсетеді. Егер сіз бұл ақпаратты көре алмаған болсаңыз, бірақ қолыңызда ағаш кесіліп жатқаны жайлы айғақ болса, бірден орман ісі бойынша агенттікке шыға аласыздар.

Украина Үкімет басшысы Алексей Гончаруктың тапсырмасы бойынша, жаңа жылдың бірінші ақпанынан бастап елде ағаштарды кесу ісін қадағалаудың орталықтандырылған есебі жұмысын бастайды. Бұл ретте Ішкі істер министрлігі және мемлекеттік орман агенттігі әрі экологиялық испенкия қызметі қосымша қадағалап, заң бұзушылықты уақыт оздырмай анықтауға міндеттеледі.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы