Қытайда коронавирус кеселінің белең алуына байланысты 24 провинция мен бірқатар ірі қалаларда төтенше жағдайда әрекет етудің ең жоғарғы деңгейі жарияланды.
Билік өкілдері қауіпті вирустың таралуын тоқтату үшін тұрғындарға үйде қалуға кеңес беріп отыр. Бейжіңнің өзінде қауіпті індетті 41 адам жұқтырған. Олардың екеуі ауруханадан шығарылыпты. Жалпы қазір Қытай астанасында вирустың өршуіне байланысты қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген.
Лэй Хайчао, Денсаулық сақтау жөніндегі Бейжің комитетінің басшысы:
- Жергілікті билік дендеген дерттің алдын алу бойынша арнайы топ құрды. Оған үш аурухана қосылды. Қазір біз медициналық қызметкерлерге аурумен күресу жолдарын үйретіп жатырмыз. Дертті емдеуде Қытайдың дәстүрлі медицинасы мен Батыс медицинасын қолданып жатырмыз. Бұдан бөлек қызуы көтерілген азаматтар тиісті көмек алуы үшін 101 медициналық мекеменің тізімін жарияладық.