443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия Сириядағы әскерлерін күшейтіп жатыр

  • 215
  • UPD: 14:51, 11.02.2020

Сириядағы азаматтық соғыс көптеген елдер араласқан ірі халықаралық жанжалға ұласып кетті. Қазіргі кезде әскери қимылдар елдің солтүстігінде жүріп жатыр. Үкіметтік әскер бұл аймақта жасақшыларды ығыстырып келеді. Түркия да бұл елдегі контингентін күшейтип, Идлиб аймағына қосымша әскери бөлімдерін жіберді.

Сириядағы ең шиеленіскен аймақ - Идлиб провинциясы. Қазір онда Ресей қолдап жүрген үкіметтік әскер Түркия жақтайтын жасақтармен шайқасып жатыр. 

Әуеден бомбабалап, зеңбіректерден оқ жаудырғаннан кейін үкіметтік әскер шабуылға шықты. Көшелерде кескілескен шайқастар жүргізіп, Серакиб қаласын босатты. Бұл стратегиялық жағынан маңызды елді мекен жасақшыларының аймақтағы соңғы тірегі. Енді үкіметтік әскер маңызды жолдарды өз бақылауына алып, қарсыластарына қосымша күштер мен қару-жарақ жеткізуге мүмкіндік бермейді.

Али Майхуб, Сирия әскерінің өкілі:

- Соңғы бірнеше күнде қарулы күштеріміз елеулі табыстарға жетті. Идлибтің шығыс жағынан қозғалған әскеріміз Алеппоның оңтүстік бөлігінен шыққан күштеріміздің алдыңғы қатарымен кездесті. Осылай 600 шаршы шақырымнан асатын ауданға өз бақылауын қалпына келтіре бастады. 

Ал осы кезде Түркия да Сириядағы әскерін күшейтуге кірісті. Шекаралық аймақтағы жолдарда танктер мен зеңбіректер тасымалданып жатыр. Осы айдың басында Түркия президенті Дамасктан Идлиб аймағынан әскерін шығаруды талап еткен болатын. 

Мевлют Чавушоглу, Түркияның сыртқы істер министрі:

- Өкінішке орай Сирия билігі саяси процесске сенбейді және бейбітшілікке тек әскери жолмен жетуге болады деп санайды. Бұл пікірі қате екенін айтуым керек. Олар шабуылдарын үдете түсті.

Дамасктың әскери жеңістері соғысты тоқтататын түрі жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Ирак пен Левант террорлық ұйымы талқандалғаннан кейін Сириядағы жанжал аяқталады деген үміт туған еді. Алайда шиеленіс әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Владимир Янкелевич, әскери сарапшы:

- Бұл жанжалды реттеу өте қиын. Қарудың күшімен Сирияға бейбітшілік әкелуге болмайтынын түсіну керек. Олардың өздері бітімге келуі қажет. 

Алайда жауласқан тараптар жақын арада бітімге жететін түрі жоқ. Соғыс жалғасып келеді. Жуырда Сирия мен Түркия әскерлері арасында алғашқы қақтығыстар болды. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдайды әбден ушықтырып жіберуі мүмкін.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы