417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирусқа себеп болуы мүмкін делінген жарқанат тағам ретінде әлі де сұраныста

  • 1131
  • UPD: 22:22, 11.02.2020

Әлемде коронавирустан көз жұмғандардың саны 1018 адамға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 40 554 азамат осы дертті жұқтырған. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бір топ маманы Қытайда жүр.

Химиялық костюм киген жүргізушілер тұрғын үй кешенінен адамдарды эвакуациялауда. Құдды бір фильмдегі эпизодқа ұқсас. Бұл Гонконгта бүгін болған көрініс. Жергілікті тұрғын үй кешенінде коронавирусқа 2 адамның шалдыққаны анықталды. Вирус 10-қабаттағы ер адамнан 3-қабаттың тұрғынына жұққан. Ғимараттан 100-ден астам адам арнайы орынға эвакуацияланып, тексеріс басталды. Мамандар ауру кәріз және желдеткіш жүйесі арқылы таралуы мүмкін деп отыр. Жалпы тұрғын үйде мыңнан астам адам бар.

Кэрри Лам, Гонконг әкімшілігінің басшысы:

– Бізде дерттің таралуына тосқауыл қоятын механизм бар. Егер вирус тұрғын үй кешенінің іші мен айналасында анықталатын болса, қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Осы оқиғаны жіті тексеріп, мұндай жағдайдың қайталанбауына күш салуымыз қажет.

Иокогама портында карантинде тұрған Даймонд принцесс лайнерінен алдымен егде жастағы жолаушылар эвакуацияланатын болды. Өйткені бұл адамдардың иммунитеті әлсіз болғандықтан, қауіпті кеселді тез жұқтырып алуы мүмкін. Бүгінде 3700 жолаушысы мен экипаж мүшесі бар лайнерде 130 науқас анықталған.

Ал Индонезияның Манадо қаласында мейрамханалардың жұмысы қызып тұр. Коронавирусқа қатысты ақпарларға қарамастан, жергілікті деликатес – жарқанатқа деген сұраныс жоғары. БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, қауіпті кеселдің тарауы Хубэй елді мекеніндегі теңіз өнімдері базарынан шыққан. Осы жарқанат, жылан және панголин жабайы жануарлары өршіген вирусты тасымалдаушы болуы әбден мүмкін.

Джэфри Мантак, жергілікті тұрғын:

– Коронавирусты тасымалдаушы жарқанат деп бүкіл әлем жар салып жүр. Бірақ Манадода бұл туралы мүлдем естімедік. Көптеген адам әлі күнге жергілікті деликатесті жеп жүр. Себебі жарқанатты кокос сүтінде дайындаса, дәмі тіл үйіреді. 

Кокос сүтінде бұқтырылып, түрлі дәмдеуіш қосылатын жарғанат тағамын жергілікті тұрғындар «паники» деп атайды. Индонезияның кейбір өңірінде бұл жабайы жануардың етін демікпеден емдеп жазатын дәрі ретінде қолданады. Жалпы соңғы деректер бойынша вирус Қытайдан бөлек 28 шет елде анықталған. Ал Индонезияда әлі коронавирусқа шалдыққан науқас жоқ.

Хабар 24 телеарнасы