431,94 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан коронавирусқа қарсы қандай шара қолданып жатыр

  • 306
  • UPD: 14:00, 22.02.2020

Қырғызстан Қытаймен шекараны тек індет жолы кесілгенде ғана ашады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коронавирустың беті қайтпай тұрған шакта ол мүмкін емес екенін алға тартады. Үкіметтің мәлімдеуінше, бұл – ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарағанда тиімді әрі ұтымды қадам. Мүмкін дер кезінде қабылданған шешімнің оң ықпалы болар. Қырғыз жерінде күні бүгінге дейін коронавирусқа шалдыққандар жоқ.

Қырғызстанның Қытаймен шекарасында екі өткелі бар. Сондай-ақ ел аумағында қос халықаралық әуежай жұмыс істейді. Құрлықтағы шекарасында Аспан асты елінен жүк көліктеріне өтуге тыйым салынып, Қытаймен әуе қатынас уақытша тоқтатылды. Алайда Қырғызстан аумағына өзге елдер арқылы жетуге болады. Осы жолмен Қытайдың 363 азаматы елге кірген болатын. Көбісі – жол салып жүрген бірлескен кәсіпорын қызметкерлері. Олардың денсаулығы тексеріліп, ауру белгілері анықталған жоқ. Қырғызстан үкімет өкілдері коронавирусқа қатысты жағдайды мұқият бақылауға алғанын мәлімдеді.

Космосбек Чолпонбаев, Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі:

– Бүгінде республикада коронавирусты жұқтыру тіркелген жоқ. Эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша жағдай қиын екенін жариялаған болатын. Сондықтан Қырғызстанда жоғары дайындық шараларын қабылдадық.

Қырғызстанның 876 азаматы Қытайдан еліне оралды. Басым көпшілігі - жоғары оқу орындарының студенттері. Оларды арнайы рейс ұйымдастырған Қазақстан үкіметінің көмегімен елге жеткізді. Барлығы тексеру мен карантиннен өтіп, індеттен аман-сау екені анықталды. Жапонияның саяхат кемесінде болған Қырғызстан азаматы да сау болып шықты.

Нурлан Абдрахманов, Қырғызстан сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Азаматымызбен бір каютада көрші болған кісіде коронавирус анықталғаны жарияланған еді. Отандасымыз да осы ауруды жұқтырды деп тараған ақпарат расталған жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирусты анықтай алатын екі зертхана жұмысқа дайын. Сондай-ақ тест-жүйелер мен медициналық бетперделердің де жеткілікті мөлшері бар. Біраз елдер секілді, Қырғызстан билігі оны шетелге сатуға уақытша тыйым салды. Қазіргі кезде мемлекеттік медициналық мекемелерде жарты миллионнан аса бетперде мен респиратор сақталып отыр.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы