412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустан ем іздеген ирандықтар халық емшілерінің көмегіне жүгіне бастады

  • 291
  • UPD: 10:55, 13.03.2020

Дертіне дауа іздеген Иран тұрғындары халық емшілерінің көмегіне жүгіне бастапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті коронавирустан толық айығып шығатындарына бек сенімді. Аймақтағы дәрігерлер оған алаңдаулы. Мәселен, ресми емес деректер бойынша емделудің бұл әдісіне барған ондаған адам қайтыс болды.

Соңғы кездері ғаламторда коронавирустан айығудың түрлі әдістері қаптап кетті. Осыған орай Иранда дертке шалдығып, үмітін үзгендер өзін өзі емдей бастаған. Альборз провинциясында метил спиртін ішіп уланған тұрғындар ауруханадан бірақ шықты. Интернетте жазылған кеңеспен емделген 7 адам жан тапсырды. Дәрігерлердің көмегіне жүгінген 48 тұрғынның төртеуі көз жанарынан айырылды. Қалғандары қазір ауыр халде жатыр. Мамандардың айтуынша, ел аумағы бойынша 200-ден астам адам өзін өзі емдемек болған. Олардың 27 көз жұмды.

Амин Гаджибиги, Экология мен су ресурстары мәселесі бойынша сарапшы:

Алкоголь сусынын жасау үшін этил спирті қолданылады. Ал, метил спирті адамға қауіпті у болып саналады. Адам ацетон немесе химиялық еріткішті ішкенмен бірдей. Ағзаның ішкі мүшелері күйіп кетеді. Метил мен этил спиртін бір-бірінен ажырату қиын. Олардың түсі де, иісі де, дәмі де бірдей.

Қайғылы оқиғалардан кейін Иран билігі дәріхана қызметкерлерінің жұмысын өзгертті. Яғни, метанол бұрынғыша сатылғанмен, мамандар оған түсін өзгертетін бояғыш қосатын болды. Жалпы қазір елде 7 мыңнан астам адам COVID-19 вирусына шалдыққан. 200-ден астамы қайтыс болды.

Блиц 1:

- Басында бәрі жақсы болатын. Тұрғындарға бетперде таратылатын. Ал, дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығы байқалмайтын. Қазір түк жоқ. Таң қалмаймын. Өйткені халық сақтанудың жолын іздеп әлек.

Блиц 2:

- Бізден нақты ақпаратты жасыратын сияқты. Ресми деректер бойынша хабарланған науқастардың саны шындыққа жанаспайды. Ауруханаларда бос орын жоқ. Адамдар толық емделмей шығып жатыр. Кейбіреулерін тіпті орын жоқ деп қабылдамай жатыр.

Блиц 3:

- Халықтың үміті үзілген сияқты. Ешкімге сенбейді. Уланғандар бұл қадамға тығырықтан шығу үшін  тәуекелге бел буып отыр.

Елде медициналық препараттардың тапшы екенін жергілікті билік те мойындайды. Шенеуніктердің айтуынша, Иранға бағытталған халықаралық санкциялар аймақтағы фармакологиялық индустрияға ауыр соққы тигізді. Бұл елге қатысты шектеулердің уақытша жойылу мәселесі қазір халықаралық деңгейде қарастырылып жатыр. Алайда, жағдайды тұрақтандыруға Вашингтон қарсы. Ал бетперде мен дәрі шығаратын жергілікті зауыттар халықты жеткілікті тұрғыда қамтамасыз етуге қауқарсыз. Гуманитарлық көмек те жетпей жатыр.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы