435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада сақтық шаралары күшейтілді

  • 114
  • UPD: 16:04, 18.03.2020
Украинада сақтық шаралары күшейтілді

Украинада коронавирусқа қатысты сақтық шаралары күшейтіліп жатыр. 12 наурыздан бастап елде барлық оқу орындары жабылған. Театр, кино және сауда орталықтары да жұмысын толығымен тоқтатты. Кешеден бері Киев және өзге де қалаларда  дәріхана мен азық-түлік дүкендері, жанармай бекеттері мен банктер ғана жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ мәдени, спорттық, әлеуметтік және діни мақсаттағы шаралар өткізілмейді.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Украина коронавирусқа қатысты сақтық шараларын күннен күнге арттырып жатыр. Бүгіннен бастап, Киев, Днепр және Харьков қаласындағы метро  шамамен 3 сәуірге дейін жұмысын тоқтатады. Украина бойынша қалааралық және өңіраралық жолаушылар тасымалына да билік тиым салып отыр. Елде көңіл көтеретін және сауда орындары, спорттық нысандар, клуб және бар, офлайн дүкендер жабық. Дәріхана, дүкен, жанармай бекеттері мен банк қана әзірше жұмысын жалғастыруда. 

Үш күннен бері Украинаның ұлттық ақшасы гривна да  құнсызданып жатыр. Бір доллардың құны 25 гривна тұратын, қазір ақша айырбастау бекеттеріндегі шет ел валютасының құны бірден 28 ге көтерілді. Экономист Андрей Блинов: «Ұлттық қаражаттың құнсыздануы Украинадан бөлек, Еуропа елдерінде де анық байқалады»,- дегенді айтады, оған баррелі құлдырай бастаған мұнай бағасы мен  коронавирусқа қатысты қоғамдағы үрей мен байбалам да сеп болып тұр.

Андрей Блинов, экономист:

- Бұл үрдіс басқа да мемлекеттерде орын алып жатыр. Польшаның злотасы мен Румындық лей де құлдырауда. Долларға шаққандағы барлық актив, оның ішінде алтын мен биткоин бағасы әлсіреуде. Бұл ертеңгі күнге деген күмән мен сенімсіздіктен де туындап отыр. Барлық капитал қауіпсіз аймақты жанталасып іздестіруде. Сондықтан америкалық доллар мен юаньға сұраныс артқан. Қытай эпидемиясынан кейін, олардың ұлттық қаржысы қазір тұрақты. 

«Биыл Украина экономикасына да айтарлықтай ауыртпашылық түсіп тұр» дейді қаржы мамандары. Мамыр айында Мемлекет ішкі және сыртқы қарыздан құтылуы тиіс. 

Андрей Блинов, экономист:

- Украина экономикасының осы дағдарыстағы ең әлсіз тұсы –оның қарызы. Сондықтан Президент Зеленский халықаралық қаржы қорынан көмек ақшаны алу туралы жиі айтып жүр. Биыл Украина ішкі және сыртқы қарызды қосқанда 15 млдр долларды қайтаруы тиіс. Бұл ел экономикасына салқынын тигізеді.

Украина жоғарғы Радасы да коронавируспен күресті күшейту мақсатында жаңа заң жобасын апта басында қабылдады. «Халықты инфекциялық аурулардан қорғау» туралы заң аясында енді Санитарлық-гигиеналық талаптарды, эпидемияға қарсы норма мен құқықты бұзған жекелей тұлға мен жергілікті билік өкілдерін әкімшілік тіпті  қылмыстық жазаға дейін тарту көзделген. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы