411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде коменданттық сағат жарияланды

  • 123
  • UPD: 12:40, 09.04.2020

Енді иудейлер үшін аса маңызды Песах мерекесі кезінде өзге қала тұрмақ, елді мекен ішінде қозғалуға тыйым салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар бұл мейрамды мол дастархан жайып, кеңінен атап өтетін. Алайда билік «бұл жолы одан бас тартқан жөн», дейді.

Жалпы Израиль тарихында коменданттық сағат алғаш рет бейбіт заманда жарияланып отыр. Тұрғындарға тек екі жағдайда ғана сыртта жүруге рұқсат беріледі. Яғни, өміріне қауіп төніп, ауруханаға бару керек болса ғана үйден шыға алады. Оның өзінде де билік «емханаға жедел жәрдем шақыртып жеткен дұрыс» дейді. Сыртқа шығуға рұқсат беретін тағы бір жағдай – итті серуендету. Бірақ жануардың жанында тек бір адам болу керек және подъезден 100 метрден әрі алшақтауға рұқсат жоқ. Өзімен бірге төлқұжатын алып жүру де шарт. Билік «осындай қатаң шараларды сақтасақ қана эпидемия басылады», дейді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Құрметті тұрғындар! Бұл тек Израиль үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды апта болғалы тұр. Шектеу шараларын сақтасақ, коронавируспен күресте дұрыс бағыт таңдай аламыз. Оларды елемейтін болсақ, індет тек өрши түседі. Бір ай бұрын Пурим мерекесі кезінде не болғанын жақсы білесіздер. Вирус тез таралып кетті. Енді ондай қателікке жол бермеуіміз керек.

Премьер-министрдің айтып отырған Пурим мерекесі 9 наурызда аталып өткен. Ол кезде ешқандай шектеу болған жоқ. Сөйтіп, коронавирус өршіп кеткен. Сондықтан бұл жолы билік елді мекендерді 3 тәулікке жауып, тіпті оның ішінде көлікпен қозғалуға тыйым салды.

Микки Розенфельд, Израиль полициясының өкілі:

- Полицейлер үкіметтің бүкіл ел бойынша енгізіліп отырған шектеу шараларының бұзылмауын қадағалайды. Осы ретте біз негізгі автомагистральдерде бақылау-өткізу бекеттерін орнаттық. Онда полицейлермен бірге шекаралық арнайы жасақ қызметкерлері де күзет етеді.

Қатаң шаралар өзінің нәтижесін бере бастағанға ұқсайды. Себебі, науқастар саны азайып келеді. Егер осылай жалғаса беретін болса, билік екі аптадан кейін кейбір шектеулерді жеңілдетеміз деп отыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы