420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Швецияның вируспен күрес тәсілі үздік деп танылды

  • 286
  • UPD: 22:09, 30.04.2020

Осы коронавируспен күресте Швеция мен Беларусь өзгеше жол таңдаған, деп хабарлайды «Хабар 24»

Екі мемлекетте де жүріс-тұрысқа шектеу жоқ. Швеция бұл қадамын ұлттық иммунитет қалыптастырудың қамы деп түсіндірді. Ал Беларусь ел экономикасының зиян шекпегенін қалайды.

COVID-19 бен күрестегі Швецияның стратегиясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан үздік деп танылды. Еуропа елдері арасында бұл мемлекет карантин жарияламаған жалғыз ел. Шведтіктер вирусты жағдайда қалыпты тіршігін жалғастырып келеді.

Майкл Райан, ДДСҰ атқарушы директоры:

– Швецияның коронавирусқа қатысты шешімін болашақтың стратегиясы дер едім. Егер біз карантинсіз бұрынғы тіршілікке оралғымыз келсе, халықтың санасы дұрыс болуы керек.

Швеция вируспен күрес жолында барынша сабырлық танытты. Тікелей шектеу қоймады. Үкімет вирусты жағдайды халықтың жауапкершілігіне тапсырды. Яғни, қажет болған жағдайда тұрғындар үйде қалып, сыртта арақашықтықты сақтаса болғаны. Мейрамхана, сұлулық салоны ашық. Балалар мектепке барып жүр. Десе де, сыртқы істер министрі мемлекеттің пандемиядан айтарлықтай зардап шеккенін айтады. Онда 50-ден астам адамның жиналуына тыйым салынған. Университеттер жабық. Студенттер онлайн білім алуда. Тұрғындарға саяхатқа шықпауға кеңес берілді. Үкімет төтенше жағдай жарияламау арқылы ұлттық иммунитетті қалыптастыруды мақсат еткенін айтады.  

Анн Линде, Швеция сыртқы істер министрі:

– Швецияда өмір бұрынғыдай жалғасып жатыр деген әңгіме ертегі. Көптеген адам үйінде отыр. Шет елге шығуға тыйым салынды. Кәсіпорындар жабық. Алдағы уақытта жұмыссыздық деңгейі артуы мүмкін. Қоғамның өміріне әсер ететін бірқатар жаңа ереже бар. Швецияда қатаң карантин жарияланбағанымен, көптеген сала зардап шегіп отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Швеция стратегиясын үздік деп тануы пандемия мемлекетті айналып өткенін білдірмейді. Елде 20 мың адам коронавирусты жұқтырған. 2462 адам қауіпті кеселден көз жұмды. Бұл қатаң карантин жариялаған көршілес Дания мен Норвегиядан көп. 

Карантин жариялап, оқшаулауға кетпеген тағы да бір ел Беларусь мемлекеті. Мұнда пандемияға қарамастан, волонтерлер сенбілікті кестеге сай өткізді. Шараға өзінің вирусқа қатысты пікірімен талай сынға қалған президент Лукашенка да қатысты.

Александр Лукашенко, Беларусь республикасының президенті:

– Бүгінде көптеген сұраққа жауап таба алмай отырмыз. Көптеген елдер бұл пандемияны саяси мақсатта қолданып келеді. Ең сорақысы, салдарынан бүкіл әлемде экономикалық тұрақсыздық пайда болды.

Беларусь Республикасында 13 мың тұрғын  COVID-19-ды жұқтырған. 84 науқас індеттен көз жұмды. Соған қарамастан, мемлекет шекарасын жапқан жоқ. Эпидемияның таралуын тоқтататын шаралар қабылданған жоқ. 

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы