412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия жолаушылары қоғамдық көліктерде қатаң ережелерді сақтауы тиіс

  • 152
  • UPD: 22:28, 25.05.2020

Түркияда біздегідей бетперде кимесеңіз қоғамдық көлікке кіре алмайсыз.

Мұндай талап сәуір айында күшіне енген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді қазан айына дейін күшінде болады.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түрік қоғамдық көліктерінде нақты ереже сақталуы тиіс. Мысалы, мынау орындықтарда «денсаулығыңыз үшін отырмаңыз!» ескерту белгісі жабыстырылған. Жолаушылар жапсырмасыз орындықтарға ғана отыра алады. Індет басталғалы қоғамдық көлік жолаушылары айтарлықтай азайды.

Оған бірнеше себеп бар. Алғашқысы елде көпшілік жұмыс орындары қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Екінші себеп азаматтар қауіп-қатерді парықтады. Мысалы, метроға мінген жолаушы бетпердесін шешкен жағдайда айналасындағы азаматтар қатаң ескерту жасайды. Себебі, бетпердесін шешуші азамат өзінің де, өзгенің де денсаулығын қауіпке ұшыратады.

Южел Саваш, жолаушы:

- Бетпердесіз ешқайда шықпаймын. Бұл кезеңде ол үлкен жауапкершілік. Бетпердені мұрын мен ауыздың айналасын толық жабатындай қолдану қажет. Сонда ғана сыртқа шығу қауіпсіз болады.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Қоғамдық көлікті пайдаланудың арнайы ережесі бар. Ол бойынша метроға мінбестен бұрын іштегі жолаушының шығуын күтесіз.

Автобус жағдайында алдыңғы есігіне еніп, ортаңғы немесе артқы есігінен түсесіз. Бұл әлеуметтік қашықтықты сақтауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ автобуспен бағыттағы көліктерде жолаушылардың саны 50%-тен аспауы тиіс. Көп жағдайда қоғамдық көліктерде бірен-сараң жолаушы ғана болады.

Мевлют Йылдыз, жолаушы:

- Алдымен қоғамдық көліктерге қараймын. Егер жолаушы көп болса, мінбеймін. Бетпердесін шешкен кісіге де ескерту жасаймын. Оның менің денсаулығыма зиян келтіру ақысы жоқ. Жалпы тасымал құралдарын ең қажетті жағдайда қолданамын.

Жолаушылар санының азаюы қоғамдық тасымалдаушыларға да оңай тимей отыр. Олардың айтуынша, жанармай ақысын ғана місе тұтуға тура тұра келіп тұр.

Кадир Гүндүз, жүргізуші:

- Бұл кезең жекеменшік тасымалға қатты әсер етті. Күнделікті табысымыз тек қана жанармайға кетеді. Қоғам үшін жұмыс істеп жүрміз. Ешбір жерден қаржылай көмек алған жоқпын. Мынау індеттің кететін күнін төрт көзбен күтіп жүрмін.

Жалпы елде COVID-19 басталғалы жұрт тысқа шығуға тыйылып, қоғамдық көліктердің саны да азайған. Екі айға жуық уақыттан бері 20 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан азаматтардың сыртқа шығуына тыйым салынған. Сондай-ақ қоғамдық жерлерде сақтық ережелерін бұзған азаматтарға әкімшілік айыппұл салынады. Оның көлемі де қомақты. 185 мың теңге. Бұл жағдайлар, тәртіптің күшеюіне сеп болып отыр. «Сақтансаң сақтайды» демекші, бекітілген ережелер мен азаматтардың үйлесімді әрекеті қауіпті індеттің күшін кемітуде.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы