424.86 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жанашырлық жүректен шығып, жүректе қалады...

  • 365
  • UPD: 14:41, 26.05.2020

Армениядағы Гюмри қаласының тұрғындары 1988 жылы болған жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстанның көрсеткен көмегін ешқашан ұмытпайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол кезде зілзаладан 25 мың адам қаза тауып, жарты миллионнан аса адам баспанасыз қалған еді. Бауырлас елге қол ұшын берген қазақстандықтар жүздеген киіз үй тігіп, оны бар мүлкінен айырылған жергілікті тұрғындар уақытша паналаған еді. Ал жерлестеріміз қысқа уақытта салған көпқабатты үйлер бір мыңнан аса адамның баспанасына айналды.  

Бұл – 1988 жылы түсірілген жазба. Сол кезде Ленинакан деп аталған Гюмри қаласындағы жойқын зілзаланың салдары. Бүкіл әлем көмекке келіп, құтқару мен қаланы қалпына келтіру жұмыстарын бірлесіп атқарған.  

Генрик Гаспарян, Гюмри қаласының бас архитекторы:

– Қазақ құрылысшылары осында келгенде киіз үйлер тіккен. Онда жұмысшылар да, зілзала кесірінен баспанасыз қалған отбасылар да тұрды.

Гюмри қаласының бас архитекторы жер сілкінісі мен оның жойқын салдарын өз көзімен көрді. Ол туған шаһарын қалпына келтіруге қатысқан. Сол кезде көмекке келген қазақстандықтардың еңбегі әлі есімде дейді ол. Ал бұл аудан Алматыға ұқсайтыны кездейсоқ емес. 18 көпқабатты үйді қазақстандық құрылысшылар көтерді. Ал құтқару тобының құрамында болған Мұрат Есімсейітов бұл жерде отау құрып, әлі күнге дейін өзі салған үйде тұрып жатыр.

Мұрат Есімсейітов, Гюмри қаласының тұрғыны:

– 88-жылдың желтоқсан айында жер сілкінді, ал біз 89-жылдың наурыз айында келдік. Тағдырымда жазылған шығар,  үйленіп, осында қалдым. Қазақстан мен қазақ халқына жалынды сәлем. Екі бауырлас мемлекет арасында достық орнағанына ризамыз.

Ани ауданында қазақстандықтар салған үйлерде бір мыңнан аса адам баспанаға ие болды. Әрине, біраз пәтердің иесі ауысқан, алайда бұл үйлерді кім салғанын бәрі жақсы біледі.

Хачатур Мсрян, Гюмри қаласының тұрғыны:

– Сапасы керемет, бізге ұнайды. Еңбек етіп, осы үйді салған Қазақ халқына ризамыз. 

Генрик Гаспарян, Гюмри қаласының бас архитекторы:

– Қазақ құрылысшылары өз техникасы мен жобаларын әкелген. Өте керемет үйлер салды, барлығы зілзалаға төзімді ғимараттар.

Гюмри қаласын қалпына келтіру тарихын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Олар қиын-қыстау кезде қол ұшын берген бүкіл халыққа бас иіп, алғыс айтады.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Тигран Галстян, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы