418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусьтегі президенттік сайлау: қол жинау науқаны кезінде жанжал шықты

  • 166
  • UPD: 14:05, 24.06.2020

Үміткерлердің бастамашы топтары Орталық сайлау комиссиясына барлық қажетті құжаттарын тапсырды.

Бірақ қол жинау науқаны кезінде жанжал шығып, екі бірдей белді үміткер қамауға алынды. Бұл өз кезегінде халықтың наразылығын туғызды.

Беларусьте 10 жыл бұрын президенттікке сайлау кезінде жанжал туындаған болатын. Ол кезде сайлау қорытындылары жариялана салысымен, Минсктің орталық көшелері наразылық білдірушілерге толған. Полиция шерушілерді күшпен таратып, сайлаудың ресми қорытындысымен келіспей, Лукашенконың жеңісіне күмән келтірген 10 үміткердің 8-ін қамауға алған.

Ал биыл кейбір үміткерлерді темір торға сайлауға дейін аттандырды. Бірнеше күн бұрын «Белгазпромбанктің» бұрынғы басшысы Виктор Бабарико мен оның сайлау штабын басқарған баласы Эдуардты қамауға алды. Билік оның баласы екеуі елден бірнеше миллиард доллар жымқырды деп бірнеше айып таққан. Оның алдында танымал блогер Сергей Тихановский ұсталған еді. Сарапшылар сайлаушылардың көп қолын жинаған Бабариконы Лукашенконың басты қарсыласы деп санаған. Іске қатысты Бабариконың баласының қалыңдығы мынадай пікірде.

Александра Зверева, блогер:

- Виктор Дмитриевичті қамауға келгендер ешқандай айыптаушы құжат көрсетпеді. Оны жолда бір инспектор тоқтатып, апарып тастаймыз деп отырғызып алып кетті. Ол қарсылық танытқан жоқ. Ал Эдикті қалай ұстағандары туралы ақпар жоқ. Тұтқындау жиналған қолды Орталық сайлау комиссиясына тапсыратын күні болды.

Дегенмен Беларусь заңы бойынша Виктор Бабарико тергеліп жатса да, президенттікке үміткер ретінде тіркеле алады. Конституцияға сай президенттік сайлауға тек бұрын сотталған адамдар ғана түсе алмайды. Ал саяси дода тамыз айының басына белгіленген. Сарапшылар жанжалды істі қысқа мерзім ішінде тергеп шығу мүмкін емес деп отыр. Ресми Минск болса Бабариконың ісін саясиландырудың қажеті жоқ дейді. Бірақ жақында Лукашенко әскерилермен кездесіп, елдің егемендігіне бірқатар қауіп төніп тұрғанын айтқан.

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

- Қазіргі жағдайда әскер мен арнайы күштердің міндеті - отанды қорғау. Еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау. Мемлекетіміздің егемендігі мен қауіпсіздігін сақтау үшін барлық шараларды қолға алуға дайын болу керек.

Ал наразы халықтың биліктің ұстанымымен келіспейтіндігі соңғы күндері айқын біліне бастады. Бүкіл ел аумағында адамдар сапқа тұрып, шеру өткізуде. Әсіресе мұндай наразылық шаралары келесі айдың ортасына таман күшеюі мүмкін. Себебі шілденің 14-іне дейін Орталық сайлау комиссиясы президенттік үміткерлердің тізімін жариялауы тиіс. Әзірге 7 кандидат сайлауға қатысу үшін қажетті қол жинаған. Бірақ олар президенттіке үміткер ретінде тіркеле ме жоқ па әлі белгісіз.

Авторлары: Дмитрий Лукша, Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы