425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркия жаңа оқу жылын бастаудың төрт нұсқасын әзірледі

  • 388
  • UPD: 10:03, 24.07.2020

Түркияда 2020-2021 оқу жылы 31 тамыз күні басталады. Жаңа оқу жылының қай форматта өтетіні белгісіз. Елдегі коронавирус жағдайына байланысты 4 сценарий дайындалған.

Әлемді әбігерге салған коронавирус, миллиондаған жанды үйінде тұтқын етті. Экономиканың өсімі азайып, барлық саланы тұралатты. Түркияда COVID-19-дың алғашқы дерегі 11 наурыз күні тіркелсе, бір аптадан кейін оқу ордалары қашықтан білім беру жүйесіне өтті. Осы режиммен оқу жылын аяқтады. Қазір түрік мектептері жаңа оқу жылын қандай жүйемен бастайтыны белгісіз. Ұлттық білім беру министрінің сөзінше, оқу ордалары белгіленген мерзімде өз жұмысын бастайды. Алайда сабақтардың қандай форматта өтетіні белгісіз.

Зия Сельчук, Түркия ұлттық білім беру министрі:

- Басты мақсат мектептерді ашу. Жаңа оқу жылын 31 тамыз күні бастауға дайынбыз. Бірақ ешқандай оқушы, ешқандай мұғалімге қауіп төнбеуі керек.

Елдегі ахуалға байланысты 4 нұсқа әзірленді. Біріншісі, барлық мектептер жұмысын бастап, қалыпты режимге өтеді. Екіншісі, мектептер жабылып, сабақтар онлайн беріледі. Үшінші нұсқа - аралас оқу түрі. Мектепке кластар күн ара кезекпен келіп, жартылай қашықтан оқытылады. Соңғысы, эпидемологиялық жағдайы нашар провинцияларда ғана білім беруге шектеу қойылуы мүмкін.

Зия Сельчук, Түркия ұлттық білім беру министрі:

- Дүйсенбі мен сейсенбі күндері мектепке белгіленген сынып оқушылары сабаққа келеді. Сәрсенбі дезинфекция жасалады. Бейсенбі мен жұма күні басқа сыныптар оқиды. Сенбі күні барлық сыныптар оқиды. Бірақ түске дейін жарты топ, түстен кейін қалғаны. Жексенбі тағы да дезинфекция жасалады.

Мұғалімдер мен оқушылар мектепте маска тағуға міндетті. Оны білім беру министрлігі қамтамасыз етеді. Қашықтан білім беру жүйесі жергілікті арналар мен интернет арқылы өтеді.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы