429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Концлагерьлерде тұтқында болғандар Марк Цукербергке бейнеүндеулер жолдады

  • 232
  • UPD: 11:57, 06.08.2020
Концлагерьлерде тұтқында болғандар Марк Цукербергке бейнеүндеулер жолдады

Холокосттан аман қалғандарға көмек көрсететін «Клеймс» қозғалысы флешмоб ұйымдастырды, хабарлайды «Хабар 24».

Концлагерьлерде тұтқында болған адамдар Марк Цукербергке бейнеүндеулер жолдап жатыр. Олар «Фейсбук» әлеуметтік желісінің басшысына Холокостты жоққа шығаратын парақшаларды жоюды сұраған.

Эва Шлосс, Холокост тұтқыны:

- Құрметті Марк, менің есімім Эва Шлосс, Венада дүниеге келдім. Туыстарыммен бірге нацистерден Голландияға қашқан едік. Алайда, бізді ұстап, Освенцимге жіберді. Анам екеуіміз ғана тірі қалдық. Қалған туыстарымның барлығы қаза тапты. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Холокостты мойындамайтын адамдардың парақшаларын «Фейсбуктен» алып тастауыңызды сұраймын.

Эва – әйгілі Анна Франктың өгей сіңлісі. Анна Франк күнделігі сол қайғылы оқиғалардың ең әйгілі куәлігіне айналған болатын. Эва қатысқан флешмоб «Мұны жоққа шығармаңдар» деп аталады. Холокосттан аман қалғандар Марк Цукербергке арналған бейнеүндеулер жазып жатыр. Олар «Фейсбук» әлеуметтік желісі басшысынан Холокостты жоққа шығаратын парақшаларды алып тастауды сұрап отыр.

Шломо Гур, «Claims Conference» қозғалысының израильдегі бөлімінің вице-президенті:

- Осындай парақшалар Холокосттан аман қалғандарға және жалпы бүкіл еврейлерге қарсы араздық тудырады. Оған лайк қоятындар мен әрі қарай тарататындар антисемитизмді үгіттейді. Бұл әлеуметтік желілердің барлық ережелеріне қайшы келеді деп ойлаймын.

«Клеймс конференс» ұйымына берген жауабында Цукерберг осыны жазатын адамдар қателесетінін мәлімдеді. «Алайда, оған тыйым салу сөз бостандығын бұзу болады», - дейді. Осыдан кейін «Клеймс конференс» Цукербергке жүгінбеуге бел байлап, мұны Холокосттан аман қалғандар өздері істесін деп ұйғарған.

Давид Таубкин, Холокост тұтқыны:

- Сол кездегі оқиғалар есімде жақсы сақталды. Қаланы бомбалағанда аспанның түсі қандай болғаны және үшбұрыш болып сап түзеген фашисттік ұшақтар қаланың тас-талқанын шығарғаны мәңгі жадымда қалды.

Көптеген елдерде Холокостты жоққа шығару қылмыс саналады. Белгілі ағылшын жазушысы Дэвид Ирвинг осындай әрекеті үшін Австрия түрмесінде үш жыл жазасын өтеген. Сондай-ақ оны зиялы қауымға жолатпай, тіпті онымен амандаспайтын болды. «Клеймс коференс» те осыны мақсат етіп отыр. Холокостты мойындамайтындарды «Фейсбуктен» шеттеткісі келеді.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы