429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ливанда үкімет отставкаға кетті

  • 288
  • UPD: 21:58, 10.08.2020
Ливанда үкімет отставкаға кетті RT

Ливан үкіметі толық құрамымен отставкаға кету туралы өтініш берді.

Бұл туралы Рейтер агенттігі хабарлайды. Соңғы бірнеше күнде мұнда 4 бірдей министр отставкаға кеткен болатын. Билік осылайша тұрғындардың талабын орындауға келісіп отыр. Осының алдында ғана Ливанның әділет министрі мен ақпарат министрі отставкаға кету туралы өтініш бергенін хабарлағанбыз.

Айта кеткен жөн, 4 тамызда Ливан астанасы Бейрут кемежайында жойқын жарылыс болды. Салдарынан 150-ден аса адам көз жұмып, 6 мыңға жуығы жарақат алған. 300 мыңға тарта тұрғын баспанасыз қалды. Жарылыс кезінде астық қорының 85 проценті жойылған. Төтенше жағдайға 6 жыл бойы қоймада жатқан аммиак селитрасын сақтау ережелерінің бұзылуы себеп болған. Келтірілген материалдық шығын 15 миллирд долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл онсыз да экономикалық дағдарысты бастан кешіріп жатқан мемлекет үшін ауыр соққы болары сөзсіз.

Осы ретте елде үкіметтің отставкасы мен реформаларды талап еткен жұрттың ереуілдері басылмай тұр. Ашынған жұрт «кемежайдағы жарылысқа биліктің біліксіздігі мен елді жайлаған жемқорлық себеп», – дейді. Наразылық акциясы қақтығыстарға ұласып, 700-ден аса адам жараланған.

Желіде жарылыстың видеосы тараған болатын. 

Бейрут портындағы жарылыстың себебі – дұрыс сақталмаған аммиак селитрасы.

Жарылыс салдарынан Ливандағы ҚР дипломатиялық миссиясының ғимаратына зиян келгенін хабарлағанбыз. Осы оқиғаға қатысты ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді түсініктеме берді.

Бейрутте екі апталық төтенше жағдай енгізілді.

 

Хабар 24 телеарнасы