420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израиль үкіметі бюджеттік дағдарысқа тап болды

  • 103
  • UPD: 12:01, 21.08.2020

Жаз мезгілі аяқталуға жақын. Бірақ үкімет пен оппозиция 2020 жылдың бюджетін бекітпей, дауласып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Елдің басты қаржы құжаты қабылданбаса, экономикалық мәселелер туындауы мүмкін», - дейді сарапшылар.

Израильде коронавирус індетінен туындаған қиындықтар аздай, елде саяси дағдарыс ушығып барады. Парламент 2020 жылғы бюджетті қайта-қайта талқылап, ортақ шешімге келе алмай отыр.

Евгений Сова, Кнессет депутаты:

- Израильде бюджет 2019 жылдан бері бекітілмеді. Себебі, соңғы бір жарым жылда бізде 3 сайлауалды науқан өтті. Мұндай жағдайда бюджет қабылдау мүмкін емес. Ал, келешекке жоспарланған бағдарламаның бәрі бюджетті қабылдамай жүзеге аспайды.

Оппозиция мен билеуші одақ қаржыны жұмсауда ортақ келісімге келе алмай отыр. Мысалы, Ішкі істер министрлігі діни мектептерді қаржыландыру үшін миллиондаған доллар сұрап отыр. Ал Үкімет құрамына кірмейтін партиялар «экономикалық ахуал қиын жағдайда бұл – қаржыны оңды солды шашу», дейді.

Яир Лапид, Парламенттік оппозиция басшысы:

- Биыл оқу жылы әдеттегідей басталмайды. Бірақ Үкімет оған бас қатырып отырған жоқ. Мұғалімдер тапшы, компьютерлер жетіспей жатыр. Екінші мәселе соңғы тоқсанда ел экономикасы 28,7%-ке азайған. Бұл – соңғы 40 жылдағы ең ірі құлдырау. Оған қоса, елде бекітілген бюджет жоқ. Оның қашан қабылданатыны да белгісіз. Нетаньяху экономикалық ахуалға қатысты барлық мәліметті жариялап, жағымды жаңалықтар барын айтты. Меніңше, бұл шындыққа жанаспайды. Премьер-министр дағдарыс кезінде қиындықтың барын жоққа шығарып отыр.

Үкімет басшысы «жағдай бақылауда» десе де, қауіптің барын мойындап отыр. Израиль экономикасы соңғы жарты ғасырда ең ірі құлдырауды бастан кешіп, жұмыссыздық артып, кіріс азайған. Бірақ билік «қазір барлық елде осындай жағдай қалыптасқан», дейді. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Қазір коронавирус індетінен көп қиындықты бастан кешіп жатырмыз. Ақпарат құралдары экономикамыздың құлдырап, тоқырауға ұшырап жатқанын айтады. Бірақ қазір бүкіл әлемде дағдарыс. Ал Орталық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, еліміздің жалпы ішкі өнімінің қысқаруы Еуропадағы құлдырау деңгейінің жартысын ғана құрайды. Оңтүстік Корея мен Балтық елдерін қоспағанда экономикамыз аз ғана төмендеген.

Нақты бюджеттің жоқтығы ел экономикасына кері әсерін тигізуде. Мамандар құжат жуық арада қабылданбаса жағдай нашарлайтынын айтады. Ал, әзірше Израиль үкіметі 2018 жылғы бюджетпен жұмыс істеп жатыр.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы