426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Kоронавирус: Әлем елдерінің білім саласындағы өзгерістері қандай?

  • 167
  • UPD: 23:43, 31.08.2020

Әлемнің көптеген елі жаңа оқу жылына қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуропада коронавирус қайта өршігенмен, 1 қыркүйекте мектептер ашылады. Карантин кезінде қашықтан білім алудан жалыққан ата-аналар балаларының мектепке баруына қарсы емес. Басты талап – санитарлық талаптарды бұлжытпай орындап, арақашықтықты сақтау. Ал, Түркия мен Үндістан билігі оқушыларды әзірге қашықтан оқыта бастаса, Украинада таңдаулы мектептер ғана ашылған. Оған аймақтағы эпидемиологиялық ахуал себеп. 

Жалпы жаһан бойынша карантин режимінде басталған жаңа оқу жылы туралы баяндайық.

Ертеңнен бастап Ұлыбритания мектептері өз есігін айқара ашпақ. Биыл мектеп атрибуттарына бетперде, санитайзер мен қызу өлшегіш құрал қосылды. Ереже бойынша дәліз бен өзге де қоғамдық орындарда 11 жасқа толған балаларға бетперде кию ұсынылды. Алайда, эпидемиологиялық ахуалы күрделі аудандарда бетперде кию міндетті.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының барлық кеңестерін бұлжытпай орындаймыз. Ал індет өршіп тұрған елді мекендердегі мектептердің адам көп жиналатын бөлмелерінде оқушылар мен мұғалімдер бетперде киюі тиіс. Ал сынып ішінде бетпердесіз отырады. Өйткені бетті тұмшалап оқуға болмайды.

Егер Англия мен Уэльсте сабақ 1 қыркүйекке жоспарланса, Шотландия мен Солтүстік Ирландияда тамыз айында басталған. Мұнда сыныптар бірнеше топқа бөлінген. Ал, мектепке келуден бас тарту деген мүлдем жоқ. Яғни, сабаққа барлық балалардың қатысуы міндетті. Оқуға себепсіз келмегендер айыппұл төлейді.

***

Коронавирус өршіп тұған Францияда да мектептер ашыла бастады. Бетпердені 11 жасқа толған балалардан бастап барлығы киюі тиіс. Гигиенаға да талап күшті. Оқушылар мектепке кіріп-шыққан сайын, үзілісте, ойнаған кезде қол жуып отыруы қатаң бақыланады. Сондай-ақ арақашықтықты сақтау да басты талаптардың бірі. Ал, ата-ана баласын қашықтан оқытамын десе, жергілікті биліктен арнайы рұқсат алуы керек.

Сесиль Клучье, балабақша тәрбиешісі:

- Әрине, әр іс-әрекеттен кейін қолдарын жуып отыруға тырысамыз ғой. Алайда, 25 баланың бәрін бірдей қадағалау мүмкін емес екенін түсініп тұрған шығарсыздар. Бетперде талап ету де қиынға соғайын деп түр. Кішкентай балалар тәрбиешінің жүзін көрмегені де ыңғайсыз. Балаларды күлімсіреп қарсы алғанға не жетсін.

***

Испанияның да эпидемиологиялық ахуалы мәз емес. Алайда білім ордасы оқушыларды қабылдауға дайын. Онда төменгі сыныптардан бастап студенттер, сонымен қатар, білім ордасының барлық қызметкерлері бетперде киюге міндетті. Жергілікті заңға сәйкес бір баладан коронавирус анықталса, сыныптағы барлық оқушы мұғалімімен бірге карантинде отыратын болады. Ал науқастардың қатары артса, мектеп жабылады.

***

Ал, Украинада ертең мектептердің барлығы бірдей жұмысын бастай алмайды. Онда эпидемиологиялық жағдайға байланысты елді мекендер «жасыл», «сары», «қызғылт» пен «қызыл аймақ» болып бірнеше өңірлерге бөлінді. Ең қауіпті, яғни, «қызыл аймаққа» кірген 14 өңірде мектептер әзірге ашылмайтын болды. Ал, сабағын бастап кеткен аймақтарда ауру өрши туссе, мектептер карантинге жабылып, балалар оқуын онлайн жалғастыратын болады. Мұнда да барлық гигиеналық талаптар қатаң бақылауға алынбақ.

Максим Степанов, Украинаның денсаулық сақтау министрі:

- Оқу жоспарына сәйкес мүмкіндігінше сабақты ашық аспан астында жүргізген дұрыс. Бұл барлық сыныптарға байланысты. Сонымен қатар сабақтардың басталуы мен үзіліс уақыты да әртүрлі болу керек. Бұл балалардың бір-бірімен қарым-қатынасқа түспеуі үшін жасалып отыр.

***

Көрші Ресейде де балалардың басым бөлігі мектепке барады. Жергілікті биліктің шешімі бойынша алғашқы қоңырау соғылмайды. Оқу форматын ата-аналар мен оқушылар таңдайды. Ауру жұқтырудан қауіптенетіндер сабақты қашықтан оқи бермек. Ал, мектепке келетіндер сыныптан сыныпқа ауыспай бір бөлмеде оқиды. Кей мектептерде әр сыныпқа жеке ажетхана дайындалған. Арақашықтық сақталу үшін әр қабатта арнайы белгілер сызылған. Сонымен қатар сабақ арасында бөлменің ауасы тазартылып отыруы тиіс. Ал, бетперде кию тек мұғалімдер мен мекеме қызметкерлеріне міндеттелді.

Олеся Алданова, ата-ана:

- Бәрі бір ұжым болып бірге оқитынына қуаныштымын. Қызым құрбыларын сағынып қалды. Әлеуметтік желі арқылы хабарласып тұрса да, көзбе-көз араласқанға жетпейді ғой. Қанша шектеу болса да, қол аласып, бір-бірін құшақтауы мүмкін.

***

Түркияда жаңа оқу жылы бүгін басталды. Бірақ биыл дәстүрлі қоңырау «қашықтан» соғылды. Елдің Ұлттық білім беру министрі Зия Селжуктың айтуынша, дәрістер 18 қыркүйекке дейін қашықтан жүргізіледі. Қазір бізбен тікелей байланыста осы елдегі меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат шығып тұр. Меруерт кеш жарық.

Диктор:

- Түркияда сабақ басталғанын естіп жатырмыз. Қандай өзгерістер бар? Сол туралы ақпар берсеңіз.

МеруерТ Қанағат, тілші:

- Иә, коронавирус білім саласына бірқатар өзгеріс әкелді. Түркияда 5 айға жуық уақыт бойы мектеп табалдырығын ешкім аттаған жоқ. Бүгін жаңа оқу жылының алғашқы күні. 15 миллионға жуық оқушы үшін білім күнінің «қоңырауы» қашықтан сыңғырлады.  Балалар оның дауысын теледидар, компьютер яки ұялы телефон арқылы естіді. Ұлттық білім беру министрлігі мектептер 18 қыркүйекке дейін қашықтан оқытатындығын жариялады. Үш апталық онлайн білім беру үдерісі мемлекеттік телеарналарда жалғасады. Жиырма күндік оқу прогрессивті және жеңілдетілген форматта өтіп, 2019-2020 жылдың соңғы тоқсанындағы тақырыптар пысықталады. Елдегі эпидахуалға байланысты қыркүйектің соңында оқу үдерісінің форматы анықталады. Оны коронавирус жөнінде кеңес шешетін болады. Ұлттық білім беру министрі Зия Селжуктің айтуынша, «Оқуды қашықтан бастау көңіл көншітпейді. Бірақ бір жерден бастау қажет», дейді.

Зия Селжук, Ұлттық білім беру министрі:

- Қауіпті індет жағдайында тәуекелге орын жоқ. Білім ордаларының жұмысын жоспарға сәйкес онлайн форматта бастадық. Қашықтан оқыту жүйесіне алғашқыда басқа елдер секілді дайын емес едік. Дегенмен, қазір жағдай басқа. Сабақтар «EBA» арнасы мен «EBA» парақшаларында жүргізіледі. Оқу бағдарламаларын жетілдірдік. Әрине, кемшіліктер бар. Оларды жүйелі түрде толықтырамыз. Барлық провинциялар мен аудандардағы мектептерді зерттеп жатырмыз. Оқу жылын осылай бастауымыз- көңіл көншітпейді. Дегенмен, бастадық. Мұның өзі жақсылық.

Диктор:

- Түсінікті. Ал ұстаздар, оқу орындары үшін қандай талаптар бар?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Мұғалімдер жұмыста жүріп қауіпті індетке шалдықса, өтемақы төленбейді. Созылмалы ауруы бар оқытушылар қалыпты жағдайдағы оқытудан ақылы түрде босатылады. Қашықтан оқытуды жалғастырады. Дегенмен, елдің 1 миллионнан астам мұғалімі бір апта бойы коронавирус жағдайына оқыту үдерісі бойынша арнайы семинарға қатысуға міндеттелді. Мұғалімдер бұл курста санитарлық-гигиеналық талаптарды орындау тәсілдерін үйренді. Ал, оқу ордалары 21 қыркүйекке дейін «Мектебің таза» атты сертификаттарды алулары тиіс. Құжат COVID-19 ережелері сақталған орындарға ғана беріледі.

Бұдан бөлек, қашықтан оқыту ата- аналарға үлкен жауапкершілік. Ұлттық білім министрлігі ата-аналарға балаларының қашықтан білім беру процесін қадағалап, балаларына дұрыс бағыт беруі үшін арнайы тренингтер ұйымдастырады.

Айта кетерлігі, қашықтан оқу жүйесінде бір дәрістің уақыты 30 минут.

Хабар 24 телеарнасы