420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Непалда болған лай көшкінінен мерт болғандар саны артып келеді

  • 88
  • UPD: 22:58, 14.09.2020

Әлемді коронавирустан бөлек табиғаттан келген зауал да есеңгіретіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таяуда Непалда болған лай көшкінінен мерт болғандардың саны күннен-күнге артып келеді. Ал Түркия мен Миссисипи, Бермуд аралдарында дүлей дауыл ойран салды. АҚШ пен Бразилия өрттен көз ашпай қойды. Калифорния мен Орегон штаттарындағы жалын әлі де ырыққа көнбей тұр. Мамандарға да бірнеше аптадан бері тыным жоқ.

Шығын шаш етектен. Оның нақты мөлшерін тап басып ешкім айта алмайды. Өйткені кей елдерде құтқару іздестіру-операциясы жалғасып жатса, кей өңірлерде желдің екпіні күшейіп бара жатқандықтан, табиғат апатынан нақты қанша шығын келгені әзірге белгісіз.

Непалда лай көшкінінен 3 елді мекен зардап шекті. 12 адам мерт болды. Тағы 21 тұрғын із-түзсіз жоғалғандардың қатарында. Қазір құтқару іздестіру операциясы жалғасып жатыр.

Мамандар: «Құрбандардың саны әлі де өсуі мүмкін», – деп отыр. Аймақта бірнеше күн қатарымен төпелеп жауған жауын салдарынан лай көшкіні жүрген. Табиғат апаты ел астанасы Катмандудан 120 шақырым қашықтықта болған. Таулы өңір болғандықтан, мұнда көшкін қаупі жоғары. Жергілікті биліктің хабарлауынша, биылғы жауын-шашын маусымы кезінде опат болғандардың саны 314-ке жетті. Тағы шашамен 160 адам түрлі жарақат алған. 

Бир Лама, жергілікті тұрғын:

– Бір ауылдың ішінде 6 баспана түгел қирап қалды. Жоғалған 16 адамның біреуі ғана табылды. Құтқару іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Олардың аман қалуы екіталай.

 

Анкара тұрғындарын құмды дауыл әлекке салды

Жарақат алғандар бар. Табиғаттың тосын мінезінен жергілікті билік қауіптіліктің «сары» деңгейін жариялады. Дауылдың екпіні сағатына 50-55 шақырымға дейін жеткен. 2,5 сағаттай ұйытқып, бірнеше үйдің шатырын ұшырды. Сонымен қатар жай түсіп, бірнеше ғимаратта өрт шықты. Алайда мамандар отты сөндіріп үлгерді. Құм борап, көз аштырмағандықтан, кей өңірлерде көліктер тоқтап қалды.

Тұрғын:

– Мейрамханаға келген қонақтарым енді ғана шыққан еді. Айналаны қара түнек басты. Жақындарымызды ойлап, алаңдай бастадық.

Тұрғын:

– Бәрі кенеттен басталды. Ойда жоқта аспан түн жамылған сияқты болды. Қаланы құм басып, түк көрінбей кетті.

 

АҚШ-қа салли дауылы жақындады

АҚШ жағалауында Атлант мұхитынан шыққан салли тропикалық дауылы ойран салды. Бірнеше штатта дайындық шаралары алдын ала күшейтілген еді. Миссисипи билігі жергілікті тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылдаған. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, желдің екпіні сағат сайын күшейіп барады.

Қазір Мексика шығанағынан соққан желдің жылдамдығы сағатына 95 шақырымнан асып кеткен. Синоптиктер аймақта жауын жауып, тасқын басталу қаупі бар деп ескертті.

Джои Човен, жергілікті тұрғын:

– Бұл да катрин дауылы сияқты аймаққа жауын әкеліп, елді мекендерді су басуы мүмкін. Сондықтан қажетті заттарымызды алып, уақытша қауіпсіз жерге көштік.

Атлант мұхитында шыққан «Полетт» деп аталатын тағы бір дауыл Бермуд аралдарына жетті.

Табиғат апаты болжанғандықтан, жергілікті билік әуе және кемежайды жауып, мемлекеттік мекемелер мен мектептердің жұмысын тоқтатқан. Мамандар желдің жылдамдығы сағатына 150 шақырымға дейін жететінін хабарлайды. Жауын жауып, толқын көтерілгендіктен, мұнда да тасқын қаупі бар. Әзірге апаттан жапа шеккендер жайлы ақпарат түскен жоқ.

 

АҚШ-та орман өрті ырыққа көнбей тұр

АҚШ-тың Калифорния және Орегон штаттары орман өртінен қатты зардап шекті. Осыдан бір ай бұрын басталған өрт 33 адамның өмірін қиды. Жоғалып, табылмай жатқандар да аз емес. Қазір құтқарушылар қирандыларды қопарып, тексеріп жатыр. Өйткені адамдардың қиранды астында қалып қоюы мүмкін. Өрт мыңдаған баспананы күлге айналдырды. Қазір тілсіз жаумен 30 мыңға жуық маман арпалысуда.

Дэйв Монро, жергілікті тұрғын:

– Бұл жерде 59 жыл бойы тұрамын. Мұндай сұмдық апатты өмірімде көрген емеспін. Бойымыздан қорқыныш, үрей арылар емес. Өзге жерге көшу керек деп ескертіп жатыр.

Соңғы бірнеше күнде орман өрті Орегон штатының 4 мың шаршы шақырым аумағын тып-типыл етті. 40 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Жалпы эвакуациялантын аймақта 500 мыңға жуық адам тұрады.

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы