420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ДДСҰ: Коронавирустың екінші толқыны алғашқысынан да ауыр болуы ықтимал

  • 117
  • UPD: 02:39, 16.09.2020
ДДСҰ: Коронавирустың екінші толқыны алғашқысынан да ауыр болуы ықтимал фото: chita.kp.ru

Коронавирус қайта бас көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәулікте әлем бойынша 308 мыңға жуық адамға COVID-19 диагнозы қойылды. Аурудан қайтыс болғандардың саны 917 мыңнан асты. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «коронавирус індетінің екінші толқыны алғашқысынан да ауыр болуы ықтимал», дейді. Қазір көптеген елдер шектеу шараларын күшейтіп, карантинді қайта енгізе бастады. Ал, аурулар саны азайған өңірлерде керісінше, мектептер мен балабақшылар ашылып жатыр.

Қазір Еуропаның бірқатар елінде карантин режимі қатаңдай бастады. Ал Қытайда тіпті әскери режим жарияланды. Осыдан-ақ мұнда жағдайдың оңай болмай тұрғанын байқауға болады.

Коронавирусты тоқтата алған Қытайда қауіпті дерт қайта күшейді. Елдің Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының хабарлауынша, науқастардың басым бөлігі сырттан келгендер. Юньнань провинциясында көрші елден келген екі азаматтан вирус анықталғандықтан, жергілікті билік бірден әскери режим енгізді. Енді Жуйли қаласының барлық тұрғындары жаппай COVID-19-ды анықтайтын тест таптыратын болады. Азаматтар аса қажет болмаса үйден шықпауға тиіс. Бұл аймақта  шетелден келген 7 азаматтан вирус анықталған.

Эпидемиологиялық ахуал Еуропада да мәз емес. Осыған орай Кәрі құрлықтың бірнеше елі карантин режимін қатаңдату туралы шешім қабылдады. Мысалы Францияда өткен тәулікте 6 мыңнан астам адам қауіпті инфекция жұқтырып, 34-і көз жұмды. Жансақтау бөлімінде жатқандардың саны да артып барады. Енді Франция Үкіметі бөлек елді мекендердегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты шектеу шараларын қатаңдату немесе жұмсарту шешімін сол жердегі биліктің құзыретіне тапсырды. Осыған орай Буш-дю-Рон департаменті аймақтағы 27 елді мекен тұрғындарына сыртта бетперде киіп жүруді міндеттеді. Ал, Жиронада департаментінің билігі аймақта кез келген жиналыс, жәрмеңке немесе ойын сауық жиындарын өткізуге тыйым салды.

Фабьенн Бюшьо, Жирона департаментінің билік өкілі:

- Енді кез келген жиын, жиналыс, халық жиналатын акциялар, жәрмеңкелер мен ойын-сауық кештердің ұйымдастырылуына рұқсат жоқ. Адамдардың маска тақпай, әлеуметтік ара қашықтықты сақтамайтын манифестациялар өткізілмейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазір Еуропа елдерінде көбінесе жас буын өкілдері ауруға шалдығып, вирус тасымалдап жүргенін ескертсе де кей оқу орындары қайта ашылып жатыр. Мысалы осы аптада Италиядағы мектептер мен балабақшалар жұмысын қайта жандандырды. Санитарлық талап бойынша партаға отырған оқушылар сабақта бетперде киюге міндетті. Тек таңғы ас пен түскі ас кезінде ғана бетпердесін шеше алады. 

Серджо Маттарелла, Италия президенті:

- Биыл жаңа оқу жылының ашылуы біз үшін өте маңызды. Бұл шараның қоғам үшін орны ерекше. Тұрғындар бұрынғы тыныс-тіршілігіне орала бастады. Мектептерді жабу туралы шешім қабылдағанда халық бұл жаңалықты өте ауыр қабылдаған еді. Алайда, өзге амал болған жоқ. Әрине, балалардың бір-бірімен араласып, мұғаліммен көзбе көз қарым-қатынас жасағанына не жетсін.

Білім беру мекемелері Пәкістанда да қайта ашылды. Коронавирустың кесірінен жарты жыл жұмысын тоқтатқан мектеп қабырғасына мыңдаған оқушы оралды. Аймақта науқастардың саны азая бастаған соң жергілікті билік осындай шешім қабылдаған. Премьер-министр Имран Хан балалардың қауіпсіздігі үшін барлық сақтық шаралары қолға алынды  деп сеніммен айтса да, кей ата-аналар мектептердің ашылуы індеттің қайта өршуіне әкелуі мүмкін деп үрейленіп отыр. 

Сана Мубассар, мұғалім:

- Оқушылар ең бастысы, санитарлық талаптарды бұлжытпай орындап отыруы керек. Бұған мұғалімдер мен ата-аналар аса мән беруге тиіс. Балалардың мектепте де, үйде де гигиеналық нормаларды ұмытпағаны жөн. Барлығымыздың да «барлығы жақсы болсын деген тілегіміз» бір.

Раджа Матиулла Рехман, ата-ана:

- Әрине ата-ана ретінде қазіргі жағдайды түсініп отырмыз. Жергілікті билік мектептерді қайта ашқанмен індет ешқайда кеткен жоқ. Әлі де болса қауіп бар. Аурудың екінші толқыны жайлы жаңалықтар жиі айтылып жатыр. Сондықтан биліктің бұл шешімін құптамаймын.

Британиялық дәрігерлер дабыл қақты. Мұнда R репродуктивті сан көрсеткіші 1,7-ге дейін өскен. Яғни коронавирусқа шалдыққан әрбір науқас кемінде бір және одан да көп адамға ауру жұқтыруы мүмкін. Қазір бізбен тікелей байланысқа лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы шығып отыр.

Арайлым Жақсылыққызы, тілші:

- Ғалымжан, жаз бойы R көрсеткіші төмен болып еді ғой. Оның өсуіне не себеп?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ия, Арайлым. Егер жазда күніне 1000 адам вирус жұқтырса, қазір олардың саны 3 мыңнан асып отыр. Оған басты себеп британиялықтардың санитарлық талаптарды сақтамауы. Сондықтан кешеден бері үкімет жаңа шектеулер енгізді. Енді Англия, Шотландия және Уэльсте алты адамнан артық жиналуға болмайды. Көңіл көтеру кештері мен отбасылық мерекелерге тыйым салынады. Талапты бұзғандарға біздің теңгеге шаққанда 56 мыңнан бастап 1 800 000 теңгеге дейін айыппұл салынады. Бірақ 30 адамнан аспайтын үйлену тойларына, жерлеу рәсімдеріне, спорттық шараларға, кеңсе және мектептерге бұл шектеу жүрмейді.

Майкл Гоув, Ұлыбритания министрлер кабинетінің министрі:

- Біздің айтпағымыз кез келген адамға ұғынықты – іште және сыртта алты адамнан артық жиналуға болмайды. Мұнда тек бір отбасының мүшелері ғана болуы керек деген әңгіме жоқ. Бұл вирустың көп таралмауы үшін қолға алынып отырған шара.

Арай Жақсылыққызы, тілші:

- Ғалымжан, Ұлыбританияда коронавирусқа тест тапсыру бойынша қиындықтар туып жатыр деген ақпарат бар. Бұл рас па?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон әлгінде айтылған шектеулерді енгізген кезде коронавируспен күресу үшін халықты жаппай тестілеуден өткізу керек деп мәлімдеген болатын. «Өйткені дені сау екендігін білген адам қоғамда өзін еркін ұстап, басқаларға жұқтырудан қорықпайтын болады», дейді ол. Жалпы жаппай тестілеу туралы пандемия басталғалы бері айтылып келеді. Бірақ оның жетіспеушілігі бүгінде қатты байқалады. Егер бұған дейін кез келген адам сынаманы пошта арқылы үйіне алдырып, тегін тапсырып келсе, қазір аурудың белгілері байқалмаған жағдайда тестілеуден өтуге рұқсат етілмейді. Өйткені сынамалар жетпей жатыр. Бұған оқушылардың мектепке, қызметкерлердің кеңселеріне қайта оралып, инфекция жұқтырғандар санының артуы себеп. Бірақ үкімет «бұл олқылықтың орнын жақын арада толтырамыз» деп отыр. Айта кетейін, пандемия кезінде Ұлыбританияда 41 мыңнан астам адам коронавирустан көз жұмды. Мемлекет құрбандар саны бойынша Еуропада бірінші тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «күзде індеттен зардап шегетіндердің қатары наурыз бен сәуір кезіндегіден де көп болуы мүмкін» деп болжайды. Сондықтан мамандар әзірге бұл қауіпті аурудан сақтанудың ең басты жолы бетперде кию, жеке гигиена және ара-қашықтықты сақтау екенін ескертеді.

Хабар 24 телеарнасы