428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бірқатар мемлекет ішкі туризмді дамытуға ден қойды

  • 75
  • UPD: 22:31, 09.10.2020

Коронавирус өршіген кезде көп адам жоспарлаған демалысынан бас тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жағдай тұрақталса, күзде саяхатқа шығармыз деп үміттенген. Бірақ індеттің екінші толқыны басталып, жұрт іркіліп қалды. Енді бірқатар мемлекеттер ішкі туризмді дамытуға ден қойды. Бірақ оның пайдасы мене қатар зияны да болып тұр. Мәселен, Қытайдағы танымал орындарда кісі қарасы көбейген. Ал Грузиядағы мамандар «ішкі туризм вирусты одан әрі өршітті», дейді. Түркиялықтар соңғы уақытта демалушылар көбейгенімен, шығынның да аз болмағанын айтады. Әлемдік туризм бүгінгі жағдайын арна тілшісі Жұлдыз Атагельдиевадан білейік.

Диктор:

- Жұлдыз, сонда Қытайда ішкі туризм қайта жанданса, демек елде COVID-ахуалдың жақсарғаны ғой сонда, дұрыс па?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Дұрыс айтасыз. Қытайда 50 күн ел ішінде вирус жұқтыру оқиғалары тіркелмеген. Індет тек сырттан келгендерден анықталған.

Қырым түбегінде қазір туристік маусым қызып тұр. Жергілікті қонақүйлерде орындардың 90%-і бос емес. Қыркүйекте мұнда бір миллион бір жүз мыңнан аса адам демалған. Бұл былтырмен салыстырғанда 40%-ке көп. Мұның бірнеше себебі бар. Биылғы қазанда күн әдеттегіден жылы. Ауа температурасы 30 градус шамасында. Сонымен қоса, Қырым әуелден-ақ тыныс алу жолдары ауыратын адамдар үшін шипалы жер саналады. Ал бұл қазіргі жағдайда аса өзекті мәселелердің бірі. Алайда осы аптаның басынан бері түбекте коронавирус жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркеліп отыр. Осы ретте әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындар ауруханаларда орындар жетіспей жатқандарын айтады. Алайда билік «жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, алаңдауға негіз жоқ», дейді.

Вадим Волченко, Қырым курорттар және туризм министрі:

- Қазан табысты айлардың бірі болатын түрі бар. Бірқатар нысанда орындардың 90-100%-і бос емес. Біз қараша мен желтоқсанда да демалушылар көп болады деп болжап отырмыз. Бірақ туристердің көбеюі жауапкершілікті арттырады. Өйткені біз үшін ең бастысы – Қырым тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі.

Қара теңіз жағалауындағы Аджарияда вирус жұқтырғандар көп. Өйткені грузиндер биыл шетелде емес, елдегі танымал шипажайларда демалған. Салдарынан мамандар «коронавирустың өршуіне ішкі туризмнің әсері болды», дейді. Қазір елде расталып жатқан оқиғалардың тең жарымы осы Аджарияда тіркелген. Билік мұнда шектеу шараларын енгізді. Мәселен, өңірде қалаларалық тасымалдар уақытша тоқтады. Дәмханалар мен мейрамханалар тек түнгі онға дейін ғана жұмыс істейді. Оқушылар мен студенттер қашықтан білім алып жатыр. Ал, Батумиде бақылау-өткізу бекеттері орнатылды. Алайда жаңа ережелерге қарсы тұрғындар ереуіл ұйымдастырған. Оған автобус жүргізушілері, казино және көңіл көтеру орындарының қызметкерлері мен түнгі мейрамхана музыканттары қатысты. Жиылған жұрт «жұмыс болмағасын табысымыздан айрылдық, күнкөріс қиындады», дейді. Ал, билік тарапынан ешқандай жеңілдіктер жоқ.

Ал, Түркияда пандемия салдарынан туризм секторы 25 миллиард долларға шығынға батты. Бұл туралы Қазынашылық және қаржы министрі Берат Албайрак, елдің алдағы 3 жылға арналған «Жаңа экономикалық бағдарламасын» жариялау барысында мәлім етті. Туристердің көзайымына айналған Түрік елі, пандемия кезіндегі жазғы маусымды қалай аяқтады? Шығын мен табысы қалай? Тікелей байланыстағы осы елдегі меншікті тілшіміз Меруерт Қанағаттан тыңдайық.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Жылына шамамен туризм секторынан 35 миллиард долларға дейін табыс табатын Түрік елі үшін де бұл маусым оңайға соққан жоқ. Әшейінде Жерорта теңізінің жағалауындағы мекендер толып-тасып, жан-жақтан меймандарды күтіп жататын. Биыл бәрі басқаша. Коронавирус әсіресе, осы салаға қатты әсер етті. Мәдениет және туризм министрлігінің ақпарына сәйкес, маусым-шілде-тамыз айларында Түркияға саяхаттап келген туристердің саны былтырмен салыстырғанда 81,5%-ке дейін төмендеп кеткен. Өткен жылы тап осы айларда елге 20 миллионнан астам демалушы келіпті. Ал, пандемия кезіндегі маусымда 3,7 миллион кісі тұрақтаған. Тап осы министрліктің статистикасына сүйенcек, 2020 жылғы табыспен есептегенде сала биылғы жаз маусымда 11,1 миллиард доллар жоғалтыпты. Яғни, маусым-тамыз айларында тәулігіне 120 миллион доллар табысынан қағылған. Бұл жағдай әрине, қазмет саласына яғни, қонақүй, ресторан, саяхат агенттіктері секілді салаларда да жұмыс істейтін азаматтардың жұмыссыздығына алып келді. Turizmdatabank-тың әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінен алынған мәліметтері бойынша 2020 жылдың шілде айында туризм саласындағы жұмыспен қамту 14,3%-ке төмендеген. Сандық көрсеткішпен былтыр осы салада 1,26 миллион кісі жұмыспен қамтылса, биыл 1,08 миллион кісі ұндай мүмкіндікке ие болған. Сондай-ақ әуе қатынастарының тоқтауы және туризм маусымының кеш ашылуына байланысты Түркияның ұлттық әуе жолы алғашқы 9 айда 21,6 миллион жолаушыны тасымалдаған. Бұл өткен жылғы бірдей маусыммен салыстырғанда 61,7%-ке кем. Елдегі пандемия кезіндегі туризм саласындағы шығын мен табысқа қатысты Бүкіләлемдік бауырлас шаһарлар туризм қауымдастығы басшысы Хучйин Баранерден сұрап көрдік. 

Хүсейин Баранер, Бүкіләлемдік бауырлас шаһарлар туризм қауымдастығы басшысы, туризм эксперті:

- Бұл маусымды туризм саласында «аласапырандылақ» деп сипаттаймын. Өйткені коронавирусқа қатысты әр елдің ережесі әртүрлі болды. Бұл да әуе тасымалына әсер етіп, кейбір компаниялар банкротқа ұшырады. Осыған қарамастан, Түркия қазірге дейін 11 миллион туристті қабылдады. Оның 3 миллионнан астамы Ақ теңізге тұрақтады. Әрине, бұл болжамнан төмен. Бірақ үйіне сыртқа шығуға қорқып тұрған халықты да шет елге алып келу оңай емес. Бұл тұрғыдан үкіметтің «Қауіпсіз туризм» бағдарламасын іске қосуы үлкен әсер етті.

Сингапурда зеңгір көкпен таласқан ғимараттар көп. Мұнда ауыл деген жоқ тек біреуі ғана қалған. Жергілікті халық шектеулерге байланысты шетелге саяхаттай алмайды. Сол себепті қаланың күйбең тіршілігінен шаршаған жұрт елдегі осы бір жалғыз ауылға демалуға барады. Мұнда бір қабатты нәбәрі 30 шақты үй бар. Демалыс күндері мұндағы экскрусияларға билет табылмайды.  

Блиц 1:

- Эпидемия кезінде туристік агенттіктер қызметін жалғастыру үшін түрлі жаңашылдықтар ойлап табуға тырысып жатыр. Сол үшін біз ішкі туризмге ден қойдық.

Блиц 2:

- Менің ұлым ауылды аймақта болған емес. Мұндай жерді көрсету үшін Малайзия, Таиланд не Филиппинге бармай-ақ елде қалғанымыз қандай жақсы.

Ал, Қытайда ішкі туризм қайта жанданып келеді. Ел ішінде вирус жұқтырғандар жоқ. Індет тек сырттан келгендерден анықталған. Қазанның алғашқы аптасында мұнда демалыс жарияланды. Бір жағынан білім күні мерекесі. Екіншіден, күз мерекесі. Осы ретте миллиондаған қытайлық ел ішінде саяхатқа аттанған. Сөйтіп, мұнда 1-8 қазан аралығында танымал туристік нысандарға 637 миллион тұрғын келген екен. Ал демалыс күндері жергілікті туризм индустриясына шамамен 46 миллиард доллар пайда түскен. Кинотеатрларда да кісі қарасы қалың. 1-4 қазан аралығында мұнда жаңа фильмдерді көруге 62 миллион қытайлық келсе керек. Сондай-ақ сауда орындарындағы келушілер саны да күрт көбейіп, көлік, тұрмыстық техника мен алтын және күмістен жасалған бұйымдардың сатылымы артқан.

 

Хабар 24 телеарнасы