425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бельгияда соңғы аптада коронавирус індеті өршіп кетті

  • 163
  • UPD: 16:08, 21.10.2020

Күн сайын бұл ауруды жұқтырып жүрген адамдар саны 11 мыңға жуықтап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл алдағы аптамен салыстығанда 80 процентке артық. Жалпы Бельгия – Еуропада індеттің ең ауыр зардабын тартқан елдер қатарында.

11 жарым миллион халқы бар Бельгияда күн сайын коронавирус дертінен 30-дан астам адам көз жұмады. Әсіресе ел астанасы Брюссель қаласы мен оңтүстіктегі Валлония өңірінде жағдай ушығып кеткен.

Франк Ванденбрук, Бельгия денсаулық сақтау министрі:

– Бүкіл Еуропа бойынша Валлония мен Брюссельдегі жағдай ең қауіпті. Әзірше біз жағдайды бақылап, науқастарды ауруханалар арасында бөле аламыз. Алайда дертті жұқтыру саны одан әрі артса, орын жетпей қалуы мүмкін.

Індет дендеп кетсе, ауруханалардағы орындармен қатар, науқастарды емдейтін мамандар да жетіспеуі мүмкін.

Марсиаль Монен, аурухана бөлімінің жетекшісі:

– Қазір бұл дерт пен оның адам денсаулығына әсері туралы сәл көбірек білетін болдық. Дексаметазонды қолдану арқасында өлім көрсеткішін төмендеттік. Алайда дәрігерлер мен медбикелер жетіспейді, өйткені олар да бұл ауруды жұқтырып алуда.

Ел тұрғындары негізінен шектеулердің күшеюіне түсінікпен қарайды.

БЛИЦ:

– Мұны тоқтату үшін бәріміз де жауапты болуға тиіспіз. Үкімет біз үшін бәрін жасайды деп күтуге болмайды.

– Адам саны төрттен асатын топтар жекеменшік үйлерде кездесіп жүр. Сондықтан үкімет қабылдаған шаралар кейде мақсатына жетпейді.

– Қауіпсіздік шараларын барынша күшейткен мейрамханаларды жауып тастағандары өкінішті. Ал түн бойы істейтін барларды жапқаны дұрыс.

Бельгиядағы елді мекендерде түнде полиция кезекшілік етіп жүр. Олар коменданттық сағат тәртібін бұзып, сағат түнгі он екіден таңғы беске дейін сыртқа шыққан адамдарды анықтайды. Ереже бұзғандарға 250 еуро мөлшерінде айыппұл салынады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов,

Хабар 24 телеарнасы