423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістанда шай өсіру саласы дағдарысқа ұшырады

  • 114
  • UPD: 10:53, 23.10.2020

Коронавирус пандемиясы Үндістан экономикасына орасан зиян келтірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің Жалпы ішкі өнімі 25%-ке қысқарды. Әсіресе дүниежүзіне әйгілі шай өсіру саласы ауыр дағдарысты бастан кешіп отыр. Биыл шай өндірісі екі есе азайды.  Өткен жылы Үндістан шай импортының көлемі бойынша әлемде көш бастап тұрса, биыл тіпті үштікке ілігетін түрі жоқ.

Бүгінде осы нарықта алғы орынға Қытай шықты. Сарапшылардың пікірінше, Үндістан алдағы бірнеше жылда өз есесін қайтаратын түрі жоқ. Қазір шай жинаудың қызып тұрған кезі. Алайда Қытай, Кения және Шри Ланкада жұмысшылар егіс жинап жүрсе, Үндістанда шай алқаптары қаңырап, жапырақтары қурап жатыр. 

Баппи Назим, Үндістан шай кеңесі қаржы департаментінің қызметкері:

- Өткен жылмен салыстырғанда шай өндірісі екі есе азайды. Біз Парламент жанындағы төтенше кеңеспен байланыстық, алайда қазіргі кездегі ең басты ұлттық мақсат – індетті еңсеру болып тұр. Осындай жағдайда шай өсіру саласының болашағын болжау қиын.

Осы дағдарысқа үкімет қабылдаған қатаң карантин шаралары себеп болды. «Ақша табамыз» деп жұмысшылар абақтыға қамалып, қомақты айыппұл төлегісі келмейді. Жұмыс қолы жетіспегендіктен, фермерлер өнімін толығымен жинай алмай отыр. Осыдан кейін шай бағасы да қымбаттап кетті. Жыл басынан бері бағасы 80%-ке өсті. Бүгінде үнді шайының бір келісі 4 доллар 9 цент тұрады. Бұл – 1960 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. 

Адеш Хангал, Үндістан шай кеңесінің ресми өкілі:

- Коронавирус Үндістанда ғана емес, бүкіл әлемде шай өсіру саласына кері әсерін тигізді. Алайда өзге елдерде біздікіндей жағдай ушыққан жоқ. Тікелей бәсекелестеріміз Шри Ланкада бір жылда шай небәрі 5%-ке қымбаттады, ал Кенияда тіпті арзандап кетті. Өйткені бұл елдер алғашқы өнім жинауды жіберіп алған жоқ, ал екінші өнімін барлық қауіпсіздік шараларын сақтап жинаған. Ал бізде болса, екі өнімі де пісіп кетті, ал коронавирусқа қатысты ахуал жақсарған жоқ.

Шай жапырақтарын жинаудың өз ерекшелігі бар. Егер бірінші өнім жиналмай қалса, екіншісінің жапырақтары тым үлкен болып өсіп кетеді. Ал, бұл сапасын төмендетеді. Экономистер алдағы айларда әлем нарығында шай бағасы едәуір қымбаттайтынына сенімді. Ал Үндістан алдағы үш жылда ең ірі шай өндіруші 3 елдің қатарына кірмейтін түрі бар. Қытаймен қатар оларды Түкия мен Кения озып кетеді. 

Авторлары: Анастасия Левитан, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы