423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-тағы президенттік сайлау Америка тарихындағы ең қымбат шараға айналуы мүмкін

  • 175
  • UPD: 10:11, 30.10.2020

Үшінші қараша күні АҚШ-та президенттік сайлау өтеді.

Дауыс беру күні жақындаған сайын елде саяси текетірес те өрши түсті. Бұл жолы кім жеңеді? Дауыс беру нәтижесі қандай болады? Бұл сауалдар көптің көкейінде жүр.

АҚШ-та қарашаның үшінде өтетін президенттік сайлау Америка тарихындағы ең қымбат шараға айналуы мүмкін. Себебі оған 14 миллиард доллардан астам қаржы кеткен. Алдағы сайлаудың тағы бір ерекше тұсы сайлаушылардың асқан белсенділігі болып отыр. Бүгінге дейін 75 миллион америкалық мерзімінен бұрын дауыс беріп қойған. Жартысынан астамы өз таңдауын пошта арқылы жасапты.

Кендалл Ходсон, Кинг округі сайлау штабының басшысы:

- Бүгінгі таңда штатымыздағы сайлаушылардың шамамен 90 проценті мерзімінен бұрын дауыс берді. Рекордтық көрсеткіш Кинг округінде тіркелді. Қазір біздің ғимаратта 850 мыңға жуық бюллетень бар. Оларды мұқият есептеп, өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сайлаудың негізгі күніне санаулы күндер ғана қалды. Соған қарамастан, мамандар әлі де әлеуметтік сауалнама жүргізіп, саяси сайыстың нәтижесін күні бұрын болжап-білуге асық. Олардың дерегінше, қазір Америкадағы ең ірі 10 штаттың тоғызында Байден алда келеді.

Джо Байден, АҚШ президенттігіне үміткер:

- Трамп дұрыс жоспар құра білу қабілетінің жоқтығынан жұртты қинап жатыр. Ол билік басында неғұрлым ұзақ болған сайын соғұрлым ессіз болып барады. Мұны өзгертетін уақыт келді.  

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Джо өзінің қайда екенін білмейді. Ол көп рет шатасты. Ал мен ол сияқты емеспін. Есте сақтау қабілетім әлдеқайда жақсы. Сондықтан бәрі есімде.

Сайлау нәтижесіне президенттік дебаттардың айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Өйткені екі пікірталас та өте қызу өтті. Саясаткерлердің екеуі де бір-біріне сөз бермей, жеке басқа өткен кездері де болды. Жалпы демократ Джо Байден мен респубикалық партия өкілі Дональд Трамптың саяси ұстанымдары әуелден-ақ бір-біріне кереғар болды. Ол коронавирус індеті басталғанда анық байқалды.

Хабар 24 телеарнасы