424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайлықтар ақшасын көбіне қайда жұмсайды?

  • 211
  • UPD: 22:08, 31.10.2020

Қытай тұрғындары бір айда шамамен 650 миллиард доллар жұмсаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұтынуды ынталандыру акциясының нәтижесі осындай. Аспан асты елінің тұрғындары ақшасын көбіне қайда жұмсаған? Тұтынуды ынталандыру ақциясының мақсаты қандай?

Тұтынуды ынталандыру ақциясы аясында Қытайдың 200 қаласында 3 мыңнан аса шара ұйымдастырылған. Сөйтіп тұрғындардың бір айда ақшаны көбіне көлікке, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, туризм мен қоғамдық тамақтануға жұмсағаны белгілі болды. Жалпы биыл елде қос айналым саясаты жарияланған болатын. Сыртқы айналым халықаралық нарыққа, ал ішкісі жергілікті сұранысты арттыруға бағытталған. Әсіресе соңғысына көп басымдылық беріліп отыр.

Ли Айхуа, Қытай мемлекеттік статистикалық басқармасының ресми өкілі:

– Тұтынушылар арасындағы сұраныс тез қалпына келе бастағанымен, үшінші тоқсанда тұтыну көрсеткіші экономикалық өсімнің 1,7 процентіне ғана жетті. Биыл алғашқы 9 айда тауардың бөлшек саудасы шамамен 7 пайызға азайды. Бұл тұтыну деңгейінің төмен екенін көрсетеді. Сол себепті оны ынталандыру қажет.

Билік 11 қарашада атап өтілетін бойдақтар күніне көп үміт артып отыр. Ол кезде жергілікті дүкендер ірі акциялар ұйымдастырады. Ірі онлайн платформалар осылайша миллиард сатып алушыны тартуға ниетті. Өткен жылмен салыстырғанда жеңілдікпен сатылатын тауарлар саны биыл екі есе көп болмақ.

БЛИЦ:

– Мен киімге, кітаптар мен косметикаға алдын ала тапсырыс беріп қойдым. Тіпті олардың ақшасын жартылай төлеп тастадым.

– Мен 70 рет сауда жасадым. Алайда мұнымен шектелмеймін. Акцияларды күтемін.

Билік осындай шаралардың арқасында жергілікті тұтыну көлемін арттыруға ниетті. Өйткені коронавирус тұрғындардың, әсіресе тұрмысы төмен халықтың қалтасын қақты. Сондықтан Қытай билігі қазіргі уақытта кедейлікпен күреске, ішкі тұтынуды дамытуға басымдық беріп отыр.   

Авторлары: Жұлдыз Атагелдиева, Ботагөз Сыргабаева, Әйгерім Сүлейменова

Хабар 24 телеарнасы