426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Колумбияда лай көшкінінен жеті адам мерт болды

  • 206
  • UPD: 21:22, 24.11.2020
Колумбияда лай көшкінінен жеті адам мерт болды

Табиғаттың тосын мінезі әлемнің бірнеше аймағында әбігер туғызды. Колумбияда лай көшкінінен 7 адам опат болып, 13 тұрғын жарақат алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 15-і ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Үндістанға жойқын дауыл келе жатыр. Ал Ресейдің Владивосток қаласында үскірік соқты.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Кемсеңдеп тұрған бұл жігіттің жақыны лай астында қалған түнгі клубта болған. Колумбия билігі көңіл көтеру орнының түн ортасында заңсыз жұмыс істегенін алға тартады. Түнгі клубтардың жұмысына коронавирусқа байланысты 17 қарашада шектеу қойылған болатын. Бірақ осы лай көшіні жүрген Валдивия сияқты шалғай қалаларда тәртіп сақталмайды.

Анибал Гавирия, Антьокия провинциясының губернаторы:

- Әкімшіліктің бұйрығы мүлтіксіз орындалуы керек деп айтудай-ақ айтып келемін. Мекемелер түнгі 12-де жабылуы тиіс!

Колумбиядағы қайғылы жағдай Үндістанда да қайталануы мүмкін. Қазір елдің оңтүстігіндегі Тамилнад штатына «Нивар» дауылы жақындап келеді. Бұл дауыл теңізді шайқап, алып толқындар тудыруы мүмкін. Билік халыққа қауіпті ескертіп, сақтыққа шақырып әлек. 21 жыл бұрын осындай дауылдан 10 мың адам опат болған еді.

Балачандран, Ченнаи метерологиялық департаментінің басшысы:

- Дауыл жағалауға жеткенде сағатына 120 шақырым жылдамдықпен соғуы мүмкін. Теңізде толқын тұратындықтан балықшыларға қарашаның 25-іне дейін айдынға шықпау ескертілді. Кей ауданда қалың жаңбыр жауып, тасқын болуы ықтимал.

Табиғаттың тосын мінезінің зардабын көршілес Ресей де тартты. Өткен аптада соққан боран Владивосток қаласының жүз мыңнан астам тұрғынын жарықсыз, жылусыз, сусыз қалдырды. Метеорологтардың айтуынша, өңірде мұндай жағдай соңғы 30 жылда алғаш рет тіркеліп отыр. Аймақ билігі төтенше жағдай енгізді.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Дәурен Көксегенов

Хабар 24 телеарнасы